Жаңа әлеуметтік көмек: Бір күнде 11 мың адам өтініш берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңартылған АӘК алуға өтініш қабылдаудың алғашқы күні 18 мыңнан астам адам кеңес алуға жүгінген. Бұл туралы ҚазАқпарат Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа әлеуметтік көмек: Бір күнде 11 мың адам өтініш берді

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды қабылдау басталды.

АӘК тағайындау туралы өтініштер жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ ауылдық әкімдіктерде қабылдануда.

«Бірінші күні атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңес алуға 18 137 адам жүгінген, оның ішінде 11 220 адам тиісті өтініш берді. Өтініш білдіргендердің басым бөлігі Алматы облысында - 2712, Қарағанды облысында - 2086, Түркістан облысында - 1800 тіркелді. Адамдар ең аз жүгінген Маңғыстау облысында - 70 адам».

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар 40 805 отбасының деректерін жаңартты, оларға бұрын тағайындалған АӘК қайта есептеу жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмаларын сапалы орындауды қамтамасыз ету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері АӘК тағайындау және төлеу бойынша кеңес беруге өңірлерге барды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек жүгінген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру күніне тәуелді емес екенін еске салады.