Жаңа әліпби бойынша Ұлттық комиссияның құрамы қашан бекітілетіні белгілі болды
«Ендігі кезекте бұл бағытта Үкімет тарапынан қандай жұмыстар жүзеге асырылады? Соған қысқаша тоқталайын. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді латын графикасындағы әліпбиге көшіру жөніндегі жұмысшы тобы жұмыс атқарып жатыр. Ол жұмысшы тобын Ерболат Досаев басқарып отыр. Бұған бей-жай қарап отырған ешкім жоқ. Бүкіл мемлекеттік органдар түгел қатысуда. Негізгі үйлестіруші - Мәдениет және спорт министрлігі», - дейді Ғалымжан Мелдеш.
Оның айтуынша, жаңа әліпбиге көшудің кезең-кезең бойынша алғышарттары жасалған. Нақтырақ айтқанда, үш кезең бойынша: 2018-2020 жылдарға нормативтік ұлттық базаны жетілдіру жөнінде іс-шаралар, екінші кезеңдегі 2021-2023 жылдар аралығында инфрақұрылымды жасау жөніндегі шараларды іске асыру және 2024-2025 жылдары ұйымдастырушылық жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Бұларды нақты қатып қалған кезең деп айту әлі ерте. Өйткені, 14 қараша немесе 16 қараша күні тағы да жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, біз үкімет жанынан латын графикасына көшу жөніндегі ұлттық комиссияның құрамы бекітіледі. Ол комиссияда бүкіл мемлекеттік органдардың өкілдері, лауазымды тұлғалар, халықтың ортасындағы қоғам қайраткерлері мен блогерлер, елдің болашағына, әліпбиге жаны ашитын азаматтар тегіс жиналады», - дейді Ғалымжан Мелдеш.