Жаңа Азаматтық кодекс шарт еркіндігі мен меншік құқығын қорғауды күшейтеді
АСТАНА.KAZINFORM – Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде меншік құқығын қорғау, шарттық міндеттемелердің тұрақтылығы және азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріледі. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
– Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің басты бағыттарының бірі – болашақ экономиканы құқықтық қамтамасыз ету. Бұл ретте жеке құқықтың тиімділігін дәлелдеген институттарын сақтап, жаңа экономикалық қатынастарға қатысушылардың құқықтарын қорғауға және тәуекелдерді бөлуге мүмкіндік беретін түсінікті әрі мазмұнды ережелерді жетілдіру ұсынылады, – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа кодексті әзірлеудегі екінші маңызды бағыт – меншік құқығын қорғау және шарттық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.
– Жаңа Конституция меншік нысандарының барлық түрлерін тең қорғауға кепілдік берді. Осы қағиданы дамыту мақсатында меншік иелерінің кепілдіктерін күшейту, адал сатып алушылардың құқықтарын қорғау және шарттық міндеттемелерді орындаудың сенімділігін нығайту ұсынылады, – деді Ерлан Сәрсембаев.
Министр шарт еркіндігін қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамада азаматтық айналымға қатысушылардың мүмкіндіктерін шектейтін және шарт талаптарын дербес айқындауға кедергі келтіретін міндетті нормалар бар.
– Сондықтан жаңартылған кодекс қолдануға ыңғайлы әрі шамадан тыс жүктемелерсіз болуы тиіс, – деп атап өтті ол.
Ерлан Сәрсембаев жаңа кодексті әзірлеу қолданыстағы заңнаманы, сот практикасын және жаңа конституциялық ережелерді кешенді талдауға негізделетінін айтты. Бұл жұмысқа депутаттар, ғылыми қоғамдастық, тәжірибелі заңгерлер, бизнес өкілдері мен сарапшылар тартылмақ.
– Мемлекеттік органдар Әділет министрлігімен бірлесіп, Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды талдап, тиісті заң жобаларын 2027 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуге тиіс, – деді министр.
Оның пікірінше, жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз етіп, экономиканы одан әрі дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет екенін айтқан еді.