Жаңа бағдарлама аясында Қазақстан халқы үнемді шағын көліктерді сатып алуға көше ме?

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинеті «Энергия үнемдеу -2020» бағдарламасын қабылдады. Бұл құжат осы күнге дейін түрлі деңгейлерде талқылаудан өткеннен кейін бекітілді. Атап айтқанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында энергия тұтыну деңгейін төмендетіп, «Энергия үнемдеу-2020» арнайы бағдарламасын даярлауды тапсырған болатын.

Жаңа бағдарлама аясында Қазақстан халқы үнемді шағын көліктерді сатып алуға көше ме?

Бүгінгі мәжіліс барысында аталған бағдарламаны таныстырған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев бұл құжат энергия тұтынудың мүлдем жаңа жүйесін құруды қарастыратынын, жоспарға сәйкес бағдарлама тоғыз негізгі бағыт бойынша іске асырылатынын жеткізді.

Мәселен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия тиімділігін 30 пайызға міндетті арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар онда инновациялық энергетика бағытында электр энергиясын өндіруге үлестік шығындарды төмендету; ТКШ-да энергия тиімділігін арттырудың; Барлық құрылыс нормалары мен ережелерін қатаңдатып, 2015 жылдан бастап энергия тиімділігіне қатысты құрылысты қамтамасыз ету; Әуе кемелері мен темір жол локомотивтерінің паркін жаңарту, жанармай тұтынуды 30 пайызға азайтумен халықты үнемшіл автокөліктерді сатып алуға ынталандыру; Бюджет секторының энергия ресурстарын тұтынуын 2020 жылға қарай 25 пайызға дейін төмендете отырып, бюджет мекемелерінің энергия тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламаларын жүзеге асыру; Диодтық шамдарға біртіндеп өту, қалалар мен елді мекендерде көшедегі жарықтандыруды жаңарту, жалпы ел бойынша жарықтандыру секторының электр энергиясын тұтынуын 60 пайызға дейін қысқарту; Жергілікті атқарушы органдардың энергияны үнемдеу бағдарламаларын жүзеге асыруының қоғамдық мониторингі, энергия үнемдеуді насихаттау және осы салада мамандарды даярлау; Халықтың энергия ресурстарын тұтынуының үнемді үлгісін қалыптастыру секілді негізгі бағыттар қамтылып отыр.

«Бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін 3000-нан астам энергия тұтыну нормативтері қабылданды, энергия тиімділігі бойынша 200 техникалық стандарт бекітілді, энергия тиімділіктің барлық нормаларын қатайту мен орындау бойынша барлық құрылыс нормаларын қайта қарау жүріп жатыр, сондай-ақ 16 өңірлік және 5 салалық энергия үнемдеу жоспарлары іске асырылуда (ИЖТМ, ККМ, МГМ, ӨДМ, ДСМ)», - деді вице-министр.

Белгілі болғандай, бүгінде Мемлекеттік энергетикалық тізім қалыптастырылып, оған 11712 субъект енгізілген көрінеді. Оның ішінде 727 өнеркәсіптік, 2938 мемлекеттік кәсіпорын және 8000-нан астам мекеме қамтылған екен. Министрліктегілердің мәліметінше, заңнамаға сәйкес жоғарыда аталған энергия ресурстарын ірі тұтынушыларға ауқымды энергия аудитін жүргізуге тапсырма берілді. 2015 жылдың шілдесіне дейін 2000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын энергия аудитінен өтуге тиіс.

«Министрлік тіркейтін энергия аудиторларының қажетті нарығы қазіргі кезде құрылуда. Бүгінде бұл салада қызмет атқаратын 25-тен астам компания бар. Сондықтан кәсіпорындар энергия аудитін жүргізу бойынша жұмыстарын жандандыруы қажет. Сонымен қатар қазақстандық энергия аудиті нарығына Еуропа, АҚШ, Жапония мен Ресей елдерінен шетелдік компаниялар үлкен қызығушылық танытуда», - деді Н. Сауранбаев. Осы орайда энергия аудитінің қорытындысы бойынша 2014 жылдан энергия ресурстардың ірі тұтынушыларының энергия үнемдеу жоспарлары іске асырыла бастайды.

Бұдан бөлек вице-министр білікті кадрлар «Энергияны үнемдеу - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда қажетті ресурс болып табылатынын айта келе, оларды даярлау үшін еліміздің 5 ЖОО-да және 11 оқу орталығында энергияны үнемдеу бойынша жаңа бейінді мамандықтар құрылғанын, сондай-ақ даярлау және біліктілікті арттыру бойынша курстар ашылғанын сөз етті.

«2015 жылдан бастап энергия аудитінің нәтижелеріне сәйкес өнеркәсіп пен энергетиканы жетілдірудің негізгі кезеңі, сондай-ақ үйлерді терможаңғырту, елдің автопаркін жаңарту, диодты жарықтандыруға өту, энергия тиімді құрылысты қамтамасыз ету және жеке инвестицияларды тарту бойынша кешенді шаралар жүргізіледі», - деп тоқталды ол.

Айта кетейік, ведомство «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы аясында Қазақстанда үнемді шағын көліктерді сатып алуды ынталандыруға ниетті. Бұндай қадамдар шетелдегі тәжірибеге сүйене отырып жасалатынына тоқталған ол, «Еуропадағы кез келген қалада барлық тұрғындар шағын көліктерді пайдаланады. Бұл өз кезегінде автотұрақта тұруға, экология үшін, оның ішінде бензин шығыны жағынан тиімді. Осыған байланысты «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы аясында отынды пайдалануды 30 пайызға төмендету тұрғысында үнемді автокөліктерді сатып алу ынталандырылады», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, бұндай көліктер үшін салық көлемі жеңілдікті болады. Бұл стандартты нормалар, яғни тарифтік және акциздік саясат арқылы іске асырылады.

Жалпы, бағдарламада көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға 1 трлн. 182 млрд. теңгеден астам қаражат қажет. Сондай-ақ осы қаражаттың айтарлықтай бөлігін, дәлірек айтқанда, 1 трлн. 177 млрд. теңгені жеке инвесторлар бөлетініне ерекше назар аудару керек.

Өз кезегінде Премьер-Министр Серік Ахметов «Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысын жүйелі қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды. «Бүгін Үкіметте қабылданатын бағдарлама «Жол картасы» аясында реттелетін болады. Осы орайда оны орындау бойынша жүйелі қадағалау - өте маңызды», - деді Үкімет басшысы.

Бұл тұрғыда С. Ахметов бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тоқсан сайынғы бақылау мен есеп жүргізуді ұйымдастыруды жүктеді. «Біз Үкіметте есепті тыңдау бойынша тиісті жүйені айқындайтын боламыз», - деп нақтылап өтті С. Ахметов. Сонымен қатар Премьер-Министр энергия үнемдеу саласында үздік кәсіпорындарды анықтау үшін байқаулар өткізу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.