Жаңа бағыт, батыл және нық қадамдардың уақыты келді - Қазақстан студенттері альянсы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан студенттері альянсы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын қолдауға байланысты мәлімдеме жасады.
«Барлық заманда студент жастар халықтың ең бастамашыл қауымы болғаны барлығымызға мәлім. Тәуелсіз еліміздің тұғырында Елбасы студент жастардың дамуына үлкен қолдау көрсеткен болатын. Айта кетсек, әлемде теңдесі жоқ "Болашақ стипендиаттары" бағдарламасы, мемлекет қаражатына жастарға шет елдерде білім алуға мүмкіндік берді. Дарынды оқушыларға арналған "Назарбаев зияткерлік мектептері" бәсекеге қабілетті тұлғаларды дайындауға ықпал етті. Бұл тек Елбасымыздың қолдауымен іске асқан бағдарламалардың азғантай ғана бөлігі. Аталмыш жобалар қазіргі таңда өз жемістерін беріп келеді. Бұл ҚР Президентінің көрегендігінің арқасында.
Елбасы өз үндеуінде "Қазір заманның дидары өзгерді. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым" - деген болатын.
Бұны біз заманға сай жаңа бағыт, батыл және нық қадамдардың уақыты келді деп түсінеміз, делінген үндеуде.
"Қазақстан студенттерінің Альянсы" билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Мемлекет басшысының үндеуін толықтай қолдайды. Және аталмыш реформа өз жемістерін беретініне, басқа да шет елдерге үлгі болатынына сенеміз»,- делінген мәлімдемеде.