Жаңа Бас мүфтидің міндеті - ата-бабаларымыз ұстанған хақ дінімізді түрлі ағымдармен бөлшектеп, елді адастыруға жол бермеу

Бүгін кезектен тыс өткен Қазақстан мұсылмандарының 7-ші құрылтайында республиканың түпкір-түпкірінен елордада бас қосқан имамдар бұл қызметке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы Ержан Маямеровтің кандидатурасын қолдап дауыс берді.
Айта кетерлігі, осы жылдың 14 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кеңейтілген төралқа мәжілісі өтіп, сол жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилері кеңесінің төрағасы Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет өзінің дін қызметін қойып, бірыңғай ғылыми жұмыспен айналыспақ ойы бар екендігін жеткізген болатын. Бұл ниетін жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі барысында да айтыпты. Құрылтай барысында сөз алған Ә.Дербісәлі Мемлекет басшысы өзінің ниетін түсінікпен қабылдап, оң батасын бергендігін айта келе: «Елбасы бұл ұсынысыма түсінікпен қарап, «Сіз ең бір күрделі де қиын кезеңде Діни басқармаға басшылық жасадыңыз. Мен сіздің қызметіңізге, атқарған істеріңізге ризамын. Сіз әрдайым менің қаперімде боласыз» деген ұлағатты сөз айтты», - дейді.
Сонымен, сонау 2000 жылы өткен республика мұсылмандарының кезектен тыс құрылтайында еліміздің Бас мүфтиі болып сайланып, 13 жыл бойы бұл қызметті абыроймен атқарған Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстандағы діни істерге реформа жасады десек те болады. Өйткені сол кездерден бастап осы уақытқа дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өркениетті жолмен жүрудің арқасында кемеліне келіп дамыды, бұрын болмаған биік белестерге көтерілді. Басқармадан жаңа басқармалар мен бөлімдер ашылып, оларға білікті мамандар тартылды. Отандық діни мамандар даярлау ісіне, исламның дұрыс насихатталуына ерекше көңіл бөлінді. Діни басқармаға елін, жерін, отанын, халқын сүйетін, сол үшін аянбай қызмет етуге дайын діни сауаты жоғары, білімді мамандар жиналды. Республикамызда дін мамандарын даярлау мақсатында Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, 2007-2012 жылдары аралығында республикамыздың 9 аймағында 9 медіресе мен 1 қарилар даярлайтын орталық ашылды. Діни басқарма жанынан діни танымдық «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы жарық көре бастады. Бүгінде бұл басылымдардың таралымы алғашқы шыққан кездегіден бірнеше есе өсіп отыр. Сондай-ақ Елбасының қолдауымен құрылған «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» мен басқарма арасындағы келісім негізінде түрлі діни мазмұндағы 38 кітап пен кітапшалар мол таралыммен жарық көрді. Діни басқарма аталған басылымдардың 1 432 мыңын мешіттерге таратты. Тәуелсіздік таңы атып, қажылыққа баруға жол ашылғаннан кейінгі жылдары елімізден қасиетті жерге сапарлайтындардың саны не-бәрі 150-200 адамды құраса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асады. Қажылыққа баруды ұйымдастыра білудің нәтижесінде онда барушылар саны өсе түсуде. Бүгінгі күнге дейін елімізден 31723 адам қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеді. Қазақстан Тәуелсіздігі қарсаңында республика көлемінде бар-жоғы 68 мешіт болса, қазір олардың саны 2300-ден асып түсті. Жалпы бұл деректер Ә.Дербісәлі хазірет атқарған игі істердің бір парасы ғана.
Ал бүгінгі жиынға келер болсақ, құрылтай барысында ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Серік Ораз делегация мүшелеріне ҚМДБ-ның Семей облысы бойынша өкіл имамы Ержан Маямеровты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына үміткер ретінде ұсынып, жиналғандар бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Осыдан кейін мінберге көтерілген Е.Малғажыұлы дінге қызмет сауапты да, жауапты қызмет екендігін айта келе: «Баршаңызды, дін қызметкерлерін, имам-молдаларды бір мақсатқа, елдің игілігі мен ынтымағына, дін насихатына жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Алла баршаңызға разы болсын!», - деп атап өтті. Осыдан кейін Ә,Дербісәлі жаңа сайланған Бас мүфтиге өзі үлгермеген бір істі орындауға өтініш жасады. «Менің өтінішім, үлгермеген бір ісім бар еді. Соны сен әрі жалғастырсаң. Мынау Семей жерінде Абай атамыз, Шәкәрім бабамыз білім алған Ахмет Риза деген медресе болып, кезінде жабылып қалған. Мен соны ашсам, орнына келтірсем деп армандап жүрмін. Бірақ кадрлардың жетіспеушілігінен, басқа да себептерге байланысты үлгермедім. Сен сол медресені қалпына келтір, Семей жерінде жаңа 10-шы медресе аш», - деген Ә.Дербісәлі құрылтай қатысушыларына Бас мүфтидің орынбасарларын да сайлау туралы ұсыныс жасады. Ал Е.Маямеров өзінің орынбасарлары, яғни наиб мүфти лауазымына Қайрат Жолдыбайұлы мен Серік Оразды ұсынып, ұсыныс делегаттар тарапынан қолдау тапты.
Құрылтай аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Бас мүфти Е.Маямеров: «Бүгін Қазақстан мұсылмандары үшін үлкен тарихи оқиға болды. Оған өздеріңіз де куә болдыңыздар. Кезектен тыс өткен құрылтай менің кандидатурамды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалығына, Бас мүфтилікке ұсынып, оны құрылтайшылар бірауыздан қабылдады. Құдай қаласа, өзімнің күш-жігерімді еліміздің дамуына, халықтың бірлігі үшін және ата-бабамыз ұстанып келе жатқан ислам діні, оның ішінде Әбу Ханафи мәзхабы, яғни салт-дәстүрімізбен тұтасып, байланысып кеткен дінімізді халыққа дұрыс жеткізуге жұмсаймын», - деді.
Осы күні құрылтайға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі жаңадан сайланды. Құттықтауымды қабыл алыңыздар!», - дей келе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне жаңа Бас мүфти Ержан Маямеровтың жұмысына қолдау көрсетіп, жемісті еңбек ететіндеріне сенім білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ата-бабаларымыз ұстанған хақ дінімізді түрлі ағымдармен бөлшектеп, елді адастыруға жол бермеуіміз керектігін айта келе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты шариғат заңдары аясында пәтуалар шығарып отыруды жүктеді. Діни басқарма мен мемлекеттік органдар рухани-ағартушылық және әлеуметтік салада ынтымақтастықты нығайта түсуге баса көңіл бөлуі қажеттігін тілге тиек етті. Кейбір жастардың бізге жат неше түрлі шетелдік уағызшыларға еліктейтіні байқалатындығын, бүгінгі таңда елімізде өздерін «нағыз» мұсылман ретінде көрсеткісі келетін әртүрлі ағымдар бой көрсетіп отырғандығын баса айтты.
Сондай-ақ Президент еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екендігін айтып өте келе: «Хақ дініміз - ислам» өсіп, өркен жая берсін», деп аяқтады сөзін.