Жаңа басылымның кезекті саны жарық көрді

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/  - «Қазақ альманағының» үшінші саны жарыққа шықты. 240 беттен тұратын бұл көлемді басылымды Мемлекеттік тілді дамыту қоры шығарып отыр,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, «Қазақ альманағы» үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап жарық көріп келеді. Екі айда бір рет шығады. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры, осы альманахтың Бас редакторы Берік Әбдіғалиев. Бұл басылым халқымыздың арманы мен мұңын, ойы мен сөзін, идеясы мен мақсатын, көзқарасы мен ұстанған саясатын жеке-жеке айдарлар бойынша беруді жолға қойып, дәстүрге айналдырған.

«Қазақ альманағының» осы санында өмірден озған Ғалымжан Мұқановтың «Ұлтшылдық пен ұятсыздық: қатер қай тұстан» деген зерделі мақаласын жариялаған. Сол секілді марқұм Болатхан Тайжанның «Ұлттың күретамыры. Дербестік алған елдердің тіл саясаты туралы» атты көлемді ой толғамы берілген.

Осы санда Хангелді Әбжановтың «Ұлттық идея - қазақ мұраты» деп аталатын, Жұмаш Кенебайдың «Бүгінгі қазақ кім?» деген, Сәбит Шілдебайдың «Білек бар, білік жоқ» атты, Қарагөз Сімәділованың «Қазақ қазақ болғалы» тақырыбындағы туындылар оқырман назарына ұсынылған. Мақалалардың тақырыбы айтып тұрғанындай, қаламгерлер ұлттық мәселеге қатысты ұтымды ой, пайымды пікір білдірген. Қазақ халқының бүгіні мен келешегі жайлы ой түйеді.

Сондай-ақ альманахтың үшінші санында «Билікке ұлттық мәселеге қатысты пікір айтудан демократия туралы оппозициялық көзқараста сөз айту жеңілірек» деген тақырыппен Ерлан Қариннің сұхбаты жарық көрген. Сұхбатты «Қазақ альманағының» шеф-редакторы Еренғайып Қуатайұлы жүргізген. Бұл сұхбаттың да өн бойында келелі ойлар өрілген.

Бұл басылым орыс тілінде де материалдар жариялаған. Атап айтқанда, альманахтан Уәлихан Төлешовтің жиырма бірінші ғасырдағы қазақ ұлттық идеологиясының принциптері туралы, Қанағат Жүкешевтің Мемлекеттік тілдің тұжырымдамалық даму идеясы жөнінде, Айдос Сарымның Абай Құнанбайұлы жайлы ой түйген мақалаларын оқуға болады. Сонымен қатар Аманкелді Айталының ұлттық саясаттың басымдықтары мен мақсаты туралы, Әзімбай Ғалидың ұлттық идея мен қазақи ортаның міндеттері жөнінде, Мәрлен Зимановтың қазақ халқының қилы тағдырына қатысты және Ахмет Мырзаболатовтың қазақ ұлтының ғажайып келешегі жайлы жазған туындылары орыс тілінде жарық көріп отыр.

Соңғы жаңалықтар