Кәсіпкерлік кубогының жеңімпаздары еліміздің атынан әлемдік чемпионатқа қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында жастар кәсіпкерлігінің 30 жылдық мерейтойлық кубогы – ENACTUS Kazakhstan National Expo 2025 көрмесі өтті. Бұл – халықаралық ENACTUS бағдарламасы аясындағы ең үздік студенттік жобалар ұсынылатын жыл сайынғы ұлттық көрме. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жаңа буын өкілдері - еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші —  Ермек Көшербаев
Фото: Үкімет

Іс-шараға қатысушыларды құттықтаған Ермек Көшербаев бұл бастаманың жастар әлеуетін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

Жаңа буын өкілдері - еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші —  Ермек Көшербаев
Фото: Үкімет

— 30 жыл ішінде бұл қозғалыс мыңдаған қазақстандық жастарды біріктіріп, олардың көшбасшылық қабілеттерін ашуға, кәсіпкерлік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мемлекет ENACTUS қозғалысын жастардың мүмкіндіктерін ашуға, батыл идеяларын жүзеге асыруға және кәсіби мансабын сәтті бастауына жағдай жасауға бағытталған бастама ретінде қолдайды. Сіздер — жаңа буын өкілдері, еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші болып, табысты стартаптар құрып, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етесіздер, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

ENACTUS Kazakhstan National Expo 2025 жеңімпаздары еліміздің атынан Таиландта өтетін ENACTUS World Cup 2025 әлемдік студенттік кәсіпкерлік жобалар чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл байқауға 35 елдің командалары жиналады.

Жаңа буын өкілдері - еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші —  Ермек Көшербаев
Фото: Үкімет

— Біздің еліміз әлемде бірінші болып дәстүрлі студенттік бағдарламамен қатар ENACTUS мектеп бағдарламасын әзірлеуге кірісті. ENACTUS, бизнес және мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай ынтымақтастық тек шағын бизнесті қолдау саласында ғана емес, сонымен қатар жаһандық мақсаттарда да болашағы зор болып саналады. Бұл барлық тараптарға нақты пайда әкелетін бағыт, — деді «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы, ENACTUS KAZAKHSTAN директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов.

Халықаралық ENACTUS бағдарламасы 50 жыл бойы әлемнің 35 елінде студенттік кәсіпкерлікті дамытуда. Жыл сайын бұл бағдарламаға 1 800 университеттен 72 000-нан астам жастар қатысады. Осы уақытқа дейін ENACTUS аясында 4 000-нан астам жоба жүзеге асырылған.

Соңғы жаңалықтар