Жаңа бюджет кодексі: Ұлттық қордың ақшасы екі бағытқа ғана жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары Бюджет кодексін екінші оқылымда қабылдады.

Палата төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар жаңа кодекске дауыс бергеннен кейін құжаттағы негізгі нормаларға тоқталды.
- Бүгін біз өте маңызды заң қабылдадық. Бұл – еліміздің қаржы жүйесін реформалау бағытындағы үлкен, маңызды қадам. Бүгін сол маңызды қадамды жасадық. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Президент алдымызға жаңа экономикалық модельге көшу туралы ауқымды міндет қойды. Соның заңнамалық негіздемесін қалыптастырып жатырмыз. Қазір Мәжілісте Салық кодексі қаралып жатыр. Ал бүгін жаңа Бюджет кодексін қабылдап жатырмыз.
Өткен аптада ел бюджетін қараған кезде де бюджет саясаты төңірегінде қызу пікірталас болды. Депутаттар айтқан сын-ескертпелердің бәрі бүгінгі кодексте ескерілді, - деді ол.
Айтуынша, Үкіметтен келген Кодекс жобасына депутаттар біраз тұжырымдамалық өзгерістер енгізген көрінеді.
- Әсіресе Ұлттық қор қаражатын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Жаңа бюджет кодексінде сол қаражатты нақты мақсаттарға жұмсау жөнінде норма бекітілді. Енді Ұлттық қордың ақшасы тек өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына ғана жұмсалады.
Бұдан бөлек квазимемлекеттік сектордағы дивидент саясаты қайта қаралды. Бұл да көп жылдан бері айтылып жүрген әңгіме. Біз осыны бүгінгі Бюджет кодексінде заңдастырдық. «Самұрық-Қазына» қорының кем дегенде 50 пайыз табысы, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70 пайыз табысы бюджетке аударылады. Бұл бұрын Үкімет қаулысымен бекітіліп келсе, енді Кодекске енгізіп отырмыз, - деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов жаңартылған бюджет процесінде 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалатынын атап өтті.
- Бұл тәсіл қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын дұрыс жоспарлауға, бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз өңірлердің дербестігін одан әрі арттыра түсеміз. Кодексте бюджет кірістерінің бір бөлігін республикалық деңгейден жергілікті билік органдары деңгейіне беру шаралары көзделген. Мұның бәрі келешекте жергілікті ресурстарды тиімді игеруге оң әсер етері сөзсіз, - деді спикер.