Жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қалыптастыратын болады - Т. Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары Еңбек кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
None
None

Жаңа редакциядағы кодекс жобасы бес институционалдық реформаны іске асыруға бағытталады. Сонымен қатар, құжат еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтып, ол Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынытмақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделген.

«Жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында мемлекеттік араласу шегін айқындауды, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін жіктеуді ұсынады. Мемлекет өз тарапынан еңбекақылар мен өтемақылардың ең төменгі еңбек стандарттарын орнатып, жұмыс берушілер тарапынан олардың орындалуына бақылау жүргізеді. Бұл ретте ең төменгі әлеуметтік стандарттар әрбір азаматтың еңбек бостандығына, қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына, еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз өтемақы алуына қамтамасыз етеді», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, кодекс жобасында бір жағынан жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу рәсімдері жеңілдетілген. Екінші жағынан қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделеді. Осылайша, өз дәрежесінде дамымай келген келісімдер мен ұжымдық шарттар рөлін көтеру қарастырылады.

Тұтастай алғанда, кодекс жобасы кәсіпкерлікті, еңбек нарығын дамытуды, шетелдік инвесторлар тартуды белсендіре түспек. Бұдан басқа, мүгедектерді, жастарды, отбасылық міндеттері бар адамдарды қоса алғанда, жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс орындарын құруға ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар да қамтылады. Жалпы, кодекс жобасында әлеуметтік қорғау, әділеттілік, екінші жағынан, экономикалық тиімділік арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті үйлестіруді сақтау көзделеді.

Соңғы жаңалықтар