Жаңа Гвинеяда сиқырмен айналысқан деген күдікпен әйелді тірідей өртеп жіберді

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Баланың туыстары «Ұлымыздың қанын мойнына жүктегісі келді» деп, 20 жастағы Кепари Лениатаны айыптап қана қоймай, оны шешіндіріп, жіппен байлап-матап, үстіне жанар-жағармай құйып, дүйім жұрттың көзінше отқа тастады. Бұл жайында National басылымы хабар таратты.

Жаңа Гвинеяда сиқырмен айналысқан деген күдікпен әйелді тірідей өртеп жіберді

Courier басылымының хабарына қарағанда, полиция мен өрт сөндірушілер жолдарын кес-кестеген тобырдың кесірінен әйелді азапты өлімнен арашалап алып қалуға дәрменсіздік танытқан көрінеді. Бұл жайында хабар таратқан екі басылым да Маунт-Хаген қаласында болған қайғылы оқиғаны фотосуретке түсіріп, газетке жариялады.

muslim.kz сайтының жазуынша, жергілікті полицияның басшысы, подполковник Кайгло Амбане осы оқиғаға қатысты іс қозғалып, кінәлілердің тұтқындалатынын мәлімдеді.

Папуа-Жаңа Гвинеяның түкпірдегі провинцияларында өлім аузында жатқандар мен ауруы анықталмаған адамдарды «сиқыршы» деп айыптайтын әдет әлі күнге қалмаған. Соңғы жылдары сиқырмен айналысты деп айыпталған адамдарды осы әйел секілді өлтіргені жайлы бірнеше хабар жарық көрген болатын.

Бірнеше рет қайталанған осындай қайғылы оқиғалардан соң 2009 жылы Конституциялық және заңнамалық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы кісі өліміне кінәлі жақтың «сиқырмен айналысты деген» айыпты желеу ететінін айтып, оларға қолданылатын жазаны күшейтуді сұраған болатын.

Епископ Дэвид Пизо National газетіне берген сұхбатында сиқырмен айналысты деген айыпты желеу етіп, кісі өлтіру фактісінің жиілеп кеткеніне алаңдап, ел билігін осынау жат, жабайы әдетті тоқтатуға шақырған еді.

Осы елдегі АҚШ елшілігі де мұндай тағылықты айыптап, гендерлік зорлық-зомбылықтың кеңінен тарағанына қынжылыс білдірген. Бұл жайында Франс пресс агенттігі хабар таратқан болатын.

«Мұндай зорлық-зомбылықты ақтаудың еш реті жоқ. Кепари Лениатаның өліміне кінәлілерді анықтап, тиісті жазасын беруге қаражат бөлінеді деп сенеміз», - деп айтылған елшіліктің мәлімдемесінде.