Жаңа инвестор «АрселорМиттал Теміртауға» қанша қаражат салады

арселор миттал
Фото: QARMET баспасөз қызметі

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа инвесторы қандай міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алғанын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Үш жылда бұл кәсіпорынға инвестицияның жалпы көлемі шамамен 3,5 млрд долларға жетеді және жақын арада кәсіпорынның операциялық жұмысын жақсарту үшін 1 млрд доллардан астам инвестиция салынады», — деді Қанат Шарлапаев Үкіметте өткен брифингте.

Сонымен бірге, министр жаңа инвестормен инвестициялық келісім шеңберінде тікелей кәсіпорынның өзіне инвестициялар бойынша міндеттемелер көзделгенін айтты.

«Бірқатар әлеуметтік міндеттемелер қарастырылған және бұл жұмыс Қарағанды облысының басшылығымен және Теміртаудың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп жүргізілді. „АрселорМиттал Теміртаудың“ қызметкерлер алдындағы, жеткізушілер алдындағы бүкіл міндеттемелері толық көлемде орындалады. Біз бұл кәсіпорынның жұмысын қызметкерлер алдындағы әлеуметтік міндеттемеде еш өзгеріс болмайтындай қолдаймыз», — деп толықтырды Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, бүгін «АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы анықталды. Жаңа инвестор — қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев.

Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

«Allur Group» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар.

Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.

Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» ресми түрде QARMET болып өзгерді.

Соңғы жаңалықтар