Жаңа iPhone модельдерінің корпусы бұрынғыларынан әлдеқайда берік болмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі iPhone 6 және iPhone 6 Plus модельдерімен салыстырғанда, iPhone 6S, iPhone 6S Plus деген атауларға ие болатын ұялы телефондардың корпусы әлдеқайда берік болмақ. Себебі, оларды жасауда 7000 сериялы алюминий қорытпасы пайдаланылатын болады, деп жазады Вести.
Мұндай материалды Apple өзінің Apple Watch Sport атты «ақылды» сағаттары өндірісінде пайдаланды. Ол әдеттегі алюминий қорытпасынан 60%-ға берік әрі тығыздығы тот баспайтын болатпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. 7000 сериялы алюминий ашық жылтыр түсімен және қоспасыз әрі ақаусыз біркелкі тегістігімен ерекшеленеді. Жаңа iPhone 6S және iPhone 6S Plus смартфондары биылғы жылдың қыркүйек айында көпшілікке ұсынылады, деп күтіліп отыр. Корпусының беріктігінен басқа, олар A9 қуатты процессорымен жабдықталмақ.