Жаңа қала: Солтүстік Қазақстандағы нысандар жаңартылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында баспана құрылысын бюджеттік қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты. Бұл туралы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл соңына дейін аймақта 300 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Үш жыл бұрын бұдан 1,5 есе азырақ үй салатын едік. Келесі жылдары бұл көрсеткішті 400 мың шаршы метрден түсірмеуді жоспарлап отырмыз», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, Петропавлда 32 көппәтерлі үй салынып жатыр. Оның 14-і жеке инвестициялар есебінен тұрғызылады.
Оның басым бөлігі үш жыл ішінде бұзылған 1 277 ескі үйдің орнына салынды. Жұмыс ауқымын арттыру үшін өңірде «Жаңа қала» реновация бағдарламасы қабылданған.
«Әлеуметтік нысандардың қасбеті жаңарады. Өткен жылы еліміздегі барлық жөнделген мектептердің 40% біздің өңірге тиесілі болды. Биыл да бұл жұмысты жалғастырдық. Былтыр жаңартылған 142 мектепке қосымша биыл тағы 107 нысан жөндеуден өтті. Осылайша, екі жыл ішінде облыстың барлық мектептерінің жартысы күрделі жөндеуден өтті», - деді Қ.Ақсақалов.
Келесі жылы әскери институттың жаңа оқу корпусы салынады. Бұл 660 курсант үшін білім беру процесін жақсартуға мүмкіндік береді.
«Денсаулық сақтау саласындағы ең ірі жоба – көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. Елорданы есептемегенде, бұл JCI стандарттарына сәйкес келетін Қазақстандағы алғашқы аурухана болады», - деді Қ.Ақсақалов.