Жаңа қаулы: Ақмола облысында базарлар мереке күндері жұмыс істейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Ақмола облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын одан әрі күшейту туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 26 қарашадағы қаулысына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыған сәйкес, жеке тұрған азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмысына рұқсат етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қаулы: Ақмола облысында базарлар мереке күндері жұмыс істейді

Қаулы 16 желтоқсан күні сағат 00:00 бастап күшіне енеді

Мәселен, ғимараты бөлек тұрған азық-түлік емес дүкендер жұмыс күндері сағат 10:00-ден 23:30-ге дейін, сенбі күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Жексенбіде жабылады. Дегенмен, құрылыс материалдары мен қосалқы бөлшектер сататын дүкендер (сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін), азық-түлік супермаркеттері, дәріхана, гипермаркеттер қызметін жексенбіде жалғастыра береді.

Сонымен бірге, жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері балалардың ойын алаңдары мен аттракциондардың жұмысына тыйым салынды.

«Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар (сауда үйлері, сауда орталықтары, павильондар мен дүкендер және өзге де типті базарлар) келушілердің санын 30 пайыздан асырмай және бір келушіге кемінде 4 ш.м. сақталған жағдайда жұмыс күндері, сенбі және мереке күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады», - деп түсіндірді ведомстводан.

Құрылыс материалдары мен қосалқы бөлшектер сататын дүкендерді (сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін) қоспағанда, демалыс күндері азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмысын тоқтатады.