Жаңа қаулы: Алматылық студенттерге қойылатын талаптар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «Білім беру мекемелеріндегі коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі талаптар туралы» жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қаулы: Алматылық студенттерге қойылатын талаптар

Қаулыға сәйкес, бөгде адамдардың кіруіне тыйым сала отырып, COVID-19-ға қарсы екпе алған (18 жасқа толмаған, сондай-ақ тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған) студенттерді жатақханаға орналастыруды қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар, оқу орны бойынша аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде (жылжымалы егу пункттерін немесе көшпелі егу бригадаларын қоса алғанда) COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын (екінші компонентпен) аяқтамаған студенттерге вакцинация жүргізуді ұйымдастыру қажет.

Шетелдік студенттер төменде көрсетілген талаптар орындалған жағдайда күндізгі оқу форматына жіберіледі:

- тұратын елдің уәкілетті органы бекіткен вакцинациялау анықтамасымен/паспортымен расталған COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсы;

- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін 3 тәуліктен кешіктірмей алынған ПТР тестілеудің теріс нәтижесі.

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына, колледждерге, жоғары оқу орындарына, асханалар мен буфеттерге:

- респираторлық инфекция белгілері бар адамдарға (жөтел, мұрынның бітелуі, дене температурасы 37 градустан жоғары);

- QR-код бойынша тіркеу кезінде «сары» және «қызыл» мәртебесі бар адамдарға;

- COVID-19-ға қарсы вакцинациясы жоқ педагогтар мен персоналға (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сауыққаннан кейін 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) кіруге жол берілмейді.

Құжаттың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.