Жаңа қаулы: Шығыс Қазақстанда кейбір шектеулер алынып тасталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулері жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қаулы: Шығыс Қазақстанда кейбір шектеулер алынып тасталды

ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша бірқатар карантин шектеуі жеңілдетілді.

«17 наурыздан бастап облыстағы объектілер өз қызметін «жасыл» аймақ үшін көзделген өлшемшарттар негізінде жүзеге асырады. «Ashyq» мобильді қосымшасын қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтау, міндетті термометрияны жүргізу және ашық ауада маска тағу талаптары алынып тасталды. Сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлер үшін күндізгі режимдегі жұмысқа баруға рұқсат берілді», - делінген құжатта.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу тапсырмайды.

«Берілген күннен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру туралы құжаттың, коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын алғанын немесе ревакцинацияны растайтын құжаттың болу талабы бірқатар санаттағылар үшін жойылды. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметтен кейін бөлімдерден кетер алдында әскерден босатылған адамдар, медициналық ұйымдардағы емделушілер, бала күтімі бойынша жатқызылғандар, шұғыл және жоспарлы стационарға жатқызылған жүкті әйелдер, ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандарға ұзақ мерзімді кездесуге келген туыстары», - делінген қаулыда.