Жаңа қазақ әліпбиіне қатысты барлық өңірде апробация орталықтары ашылады - Ерден Қажыбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәселенің мәнісі әріпті ауыстыруға ғана емес, тілімізді өзінің табиғи заңдылықтарына қайтаруда жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз мәслихатында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіл жұртшылық бұрыннан күткен саяси шешім қабылданды. Біз өзіміздің мемлекеттік тіліміздің іргесін жеке тұғырына қондыру тұрғысында үлкен істің, яғни қыруар маңызды мәдени, саяси, тарихи жұмыстың басталғанының куәгерлері болып отырмыз. Бұл бұрыннан қолға алынған мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бері билік те, зиялыларымыз да назар аударып келді, тиісті тапсырмалар берілген болатын. Осы орайда көптеген зерттеулер жүргізіліп, жан-жақты қарастырылды. Әрине, бұл тек әріпті ауыстыруға ғана емес, мәселенің мәнісі тілімізді өзінің табиғи заңдылықтарына қайтаруда жатыр», - деп атап өтті Е. Қажыбек.
Осы орайда орталық директоры тіл мәселесі еліміздегі рухани жаңғырудың ең негізгі ұйытқысының бірі екенін қадап айтты.
«Сондықтан біз тілімізді жөнге келтіре алмай, өзіміздің ділімізді, рухани дүниемізді қолға дұрыс алуымыз әсте мүмкін емес екенін жақсы білеміз. Бұл мәселе өте маңызды болғаннан кейін және бүкіл шешімдер тың болғаннан кейін, әрине, азаматтарда алаңдаушылық бар. Бірақ осы бағытта ниет өте дұрыс атап өткім келеді. Ниет тек қана жаңалық емес, ол болашақта бәсекелестік күшейетін замандарға біздің халқымыздың төтеп беруі үшін неғұрлым ыңғайлы жағдайды тудыруға негізделген. Елбасы ашық айтты, осындай маңызды мәселеде асығыстық болмайды. Осыған сәйкес, білім жүйесіндегі дайындыққа да қажетті мерзім беріліп отыр»,-деді ол.
Ерден Қажыбектің айтуынша, ғалымдар енді жаңа әліпбиге қатысты апробациялық жұмыстарға кіріскелі жатыр.
«Осы аптаның аяғына қарай, яғни жұма күні Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірігіп бірінші апробация орталығын ашамыз. Одан кейін барша облыс орталықтары мен ірі қалаларда аталған орталықтар жұмысын бастайды. Сондықтан ғылыми тұрғыда толықтыру үшін жүйелі жұмыстар іске асырылады»,-деп түйіндеді ол.