«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы «Сен білесің бе?» деген кітап шығару жөнінде бастама көтерді
АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы бірқатар игі бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Соның ішінде мектепке дейінгі балаларға арналған кітап шығару қажеттігін алға тартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған депутаттық топтың жетекшісі Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, «Сен білесің бе?» деген кітап шығару жоспарланған. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы мол мағлұматтар беріледі. Жинақ негізінен мектепке дейінгі балалар тәрбиесімен айналысатын мәселелерге бағытталады.
ҚазАқпарат тілшісіне түсінік берген депутат Қайрат Сәдуақасов: «Елдің достық, ынтымақтастық, бейбітшілік мақсатындағы ізгі қадамдарын балалар кішкене кезінен бойына сіңіріп өсетін болады. Мұндай оқулық жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Кітапта балаларға түсінікті мәтіндер мен әдемі суреттер берілетін болады. Мемлекеттік рәміздер, ұлттық теңгеміз сияқты құндылықтар да көрініс табады»,- деді.
Бұл кітапты дайындауға қолдау білдіру жөнінде «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне ұсыныспен шыққалы отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы үлкен жинақ шығару жөнінде ұсыныс білдірген. Алайда, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері бірінші кезекте балдырғандарға арналған шағын кітапша шығару қажеттігін алға тартып отыр. «Сондықтан осы бағытта талпыныс жасап көреміз. Біздің ұсынысымызды Білім және ғылым министрлігі қолдайды деген үмітіміз бар», - деді депутат, аталған кітапты ұйымдастырушы Людмила Хочиева.