Жаңа Қазақстанды бірге құрайық: Қазақстан халқы Ассамблеясы халыққа үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы күндері елде болған жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың алғашқы күндерінде халқымыз күрделі сыни сәтті бастан кешті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды және уақытылы жүзеге асырған шешімдерінің, сондай-ақ қазақстандықтардың бірлігі мен татулығының арқасында біз тарихымыздағы күрделі кезеңді еңсере алдық. Осы күндері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Президентпен, халықпен бірге болып, бүгінде қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысуда. Сондай-ақ «Қасіретті қаңтар» сабақтары бізді ел дамуының болашақ бағдарын терең ұғынуға міндеттеді. Ең бастысы күнделікті өмірімізде бейбітшілік, бірлік және қоғамдық келісім сияқты басты құндылықтар қоғам өркендеуінің іргелі негіздері болып табылатынын айқын көрсетті», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы мен мүшелері, Президент көтерген бастамаларды толық қолдап, ортақ істі барша болып жұмылып жүзеге асыруға шақырып отыр.

«Бүгінде біз әлеуметтік әділеттілік, халықтың әл-ауқаты және қоғамдағы бірлік пен қауіпсіздікті нығайту маңызды рөл атқаратын жаңа Қазақстанды құру қарсаңында тұрмыз. Сонымен бірге елдің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру және жалпы Қазақстанды дамыту үдерісі жүргізілетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Бұл ұйым денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт сияқты салаларда Қазақстан халқына әлеуметтік көмек көрсету бойынша міндеттерді орындайтын болады. Сонымен қатар тек қайырымдылық ұйымы ғана емес, біздің ортақ әлеуметтік жауапкершілігіміздің жалпыұлттық институты деп есептейміз», - дейді Ассамблея мүшелері.

Одан бөлек, үндеуде қайырымдылық шарасы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымды бағытарының бірі болып қала беретіндігі айтылған.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын іс жүзінде орындау барысында барлық азаматтарды топтасуға шақырамыз. Отанымыздың тарихындағы осы жауапты кезеңде әрқайсымыз Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы – бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтайтындығына кәміл сенеміз! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», - деген үндеу тастады Қазақстан халқы Ассамблеясы халыққа.


Соңғы жаңалықтар
telegram