Жаңа Қазақстандық патриотизм - жаhандану үдерістеріне төтеп берудің сара жолы - Қазақстан кәрістері қауымдастығының вице-президенті Георгий Кан
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуір күні болатын ХХІ сессиясы күрделі кезеңде өтейін деп отыр. Әлемде Жаhандану үдерістері жүруде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ұлттық ерекшелікті, салт-дәстүрді қалай сақтап қалуға болады? Қазақстан Халқы Ассамблеясына жүктелер міндеттер қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан кәрістері қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Георгий Васильевич Кан мырзаны әңгімеге тартқан еді.
- Георгий Васильевич, өткен жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға арналан даму тұжырымдамасына қол қойды. Ассамблеяға қандай жаңа міндеттер жүктелді?
- Тұжырымдама қабылданды. Біздің мақсатымыз - өмірдің барлық саласын «2050 Стратегиясына» сәйкестендіру! Әлемнің жоғары дамыған 30 елінің қатарына ену! Әрине, бұл жерде идеологиялық және әлеуметтік блок қамтылады. Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Тұжырымдаманы қабылдауға барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты. Бұл маңызды құжат бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды біріктіретін, жалпыазаматтық алаңға айналуы тиіс. Ол Қазақстан халықтарын біріктіруге, демократияны, мәдениеттер мен өркениеттік байланыстарды дамытуға бағытталған. Яғни, қоғамды жаңа әлемге, жаңа инновациялық экономикаға дайындауы тиіс.
- Осы жерде «Жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымының ерекшелігіне тоқталсаңыз...
- Мен ғалым ретінде осы салада көп іздендім. Қазір байқасаңыз, әлемде «Жаңа америкалық патриотизм», «Жаңа еуропалық патриотизм», «Жаңа ресейлік патриотизм» ұғымдары ауызға алынып жатыр. Әлем өзгерді. Яғни бүкіл әлем жаңа патриотизмді, соның негізін іздестіруде. Жаңа америкалық патриотизм Ирактағы соғысқа, Сноуденге байланысты белсенді түрде талқылануда. Еуропа елдері бірігіп жатыр. Сонда, мысалы германиялық, польшалық париотизм - ол сонда қалай, ұлттық патриотизм бе әлде еуропалық патриотизм болып санала ма? Бұл жағдайда жаңа қазақстандық патриотизм бұл бүкіл әлемде болып жатқан даму үдерістерінен туындап отыр. Жаңа қазақстандық патриотизм - ескі кеңестік патриотизм ұғымынан бас тарту. Жаhандану үдерістеріне төтеп беру. Бұл біз үшін үлкен сын. Оған қалай төтеп беру керек? Этникалық және жалпы азаматтық ұстанымдарды қалай үйлестіру керек? Әрине, патриотизм - қай заманда да отанды сүю ғой. Бірақ енді ол инновациялық сипатта болуы шарт! Міне осы жерде Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының атқаратын ролі зор. Бұл идея - отансүйгіштікті, салт-дәстүрді және инновацияны үйлестіретін бірегей формула. Бір қарағанда жаhандану ұлттық идеядан бас тарту сияқты болып көрінеді. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Сен өз ұлтыңның, еліңнің патриоты болған сайын, жаhандану үдерістеріне еркін қосыла аласың. Өйткені сен өзіңе, өзіңнің ұлттық ерекшелігіңе сенімдісің, Сен одан айрылып қалмайсың. Сол үшін жаhандану үдерістерін жақсы қабылдайсың.
- Алдағы сессиядан не күтесіз?
- Меніңше, ХХІ сессия ерекше бір кезеңде өтейін деп отыр. Қазір әлем тығырыққа тірелді. Дағдарыстар көбейді. Не істеу керек? Қандай заңдар қабылдау қажет? Барлық заңдар қабылданып қойылған. Нарықтық, партиялық барлық механизмдер бар. Ал енді алға жылжу үшін, адамның ішкі рухани әлемін қамтуымыз керек! Соны оятуымыз қажет. Өйткені, мына дағдарыстардың барлығы соғыстан емес, рухани мәдениеттің жоқтығынан орын алып отыр. Қоғамның бір бөлігі жөнсіз, қисынсыз байыса, басқалар кедейленуде.
Міне, Елбасының G-Global идеясы осындай әлеуметтік әділетсіздікті, теңсіздікті жеңуге бағытталған. G-Global - бұл әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастар, пікірсайыстар жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы платформа. Ал алдағы сессияда рухани мәдениет мәселесі көтеріліп, адамның ішкі рухани әлемін қамтуға бағытталады деген үміттемін.