Жаңа коллекторлар мен арықтар: Алматы су басу мәселесін қалай шешіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жиі әрі толассыз жауған жаңбыр салдарынан мегаполис көшелері мен аулаларды су басады. Алматы әкімдігі бұл мәселемен қалай күресіп жатыр. Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, барлығы 56 учаске бар. Оларды аздаған жауын-шашын кезінде үнемі су басып қалады. Былтыр мегаполисте 37,5 шақырым арық пен нөсер кәрізі жөнделді. Қаланың орталық және шығыс бөлігіндегі жұмыстар биыл да жалғасады.
— 2022-2023 жылдары төтенше жағдайларды жою шаралары аясында тұрақты су басатын 102 аумақ анықталды. Оның 56-сы аса қауіпті. Жұмыс барысында жалпы ұзындығы 11,8 шақырым болтын 13 коллектор қалпына келтірілді, ұзындығы 7,1 шақырым 6 қосымша коллекторлар салынды. Бұдан бөлек, 9,4 шақырым үш су бұру каналы жөнделді, жалпы ұзындығы 6,6 км 6 жаңа канал салынды. Сонымен қатар 6,8 шақырым жаңа суару арық желісі салынды, — деп жауап берді Kazinform агенттігінің сауалына басқармадан.
Әкімдіктің баспасөз қызметі өткен жылы Алматының шығыс бөлігінде 15 көшеде жалпы ұзындығы 7,4 шақырым арық желісі қайта жөндеуден өткенін нақтылады.
Қаланың орталық бөлігінде 67 көшеде жалпы ұзындығы 30,1 км арықпен пен нөсер кәрізі жаңартылса, батыс бөлігінде — Алатау, Наурызбай, Әуезов аудандарында 20,5 шақырым жаңа арық желісі салынды.
— Бұл шаралар гидрологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарда, — деп атап өтті әкімдіктен.
Осыған дейін Алматыда құрылыс компаниялары нөсер кәріздерін салуға міндеттелетіні туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, үйден шығатын қоқыстарды бейберекет тастай беретіндер жауапқа тартылатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ мегаполисте арық желілерінен 640 тонна қоқыс шығарылды.