Жаңа компанияда жұмыс істеуден бас тартты: ҚазМұнайГаз жаңаөзендік жұмысшылардың талабы туралы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өздерін штатқа қызметке алуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындары бүгін Астана қаласында жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім болғандай, бүгін Энергетика министрлігі ғимаратының алдына өздерін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға штатқа жұмысқа алуды талап еткен 70-ке жуық жаңаөзендік жиналды. Талап қоюшылар «Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

«Жиналғандар бұрын ҚазМұнайГазға еншілес «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін мұнай сервистік қызмет көрсетуге арналған тендерден ұтылған компанияның қызметкерлері. Биыл 1 сәуірде оларға жалақысы орта есеппен 700 мың теңге болатын басқа компанияға жұмысқа орналастыру ұсынылған. Алайда, «Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері ұтылған тендер нәтижесінің күшін жоюды талап етті. Осыған қатысты бұрын жіберілген шағымдар бойынша «Самұрық-Қазына» қоры конкурстық рәсімдердің заң шегінде орындалуын қайта тексерді. Бұл тұрғыда ешқандай құқық бұзушылықтар анықталмады», - делінген «ҚазМұнайГаз» компаниясының сайтында жарияланған хабарламада.

Ресми дерекке сай, жиналғандардың талабы «Өзенмұнайгаздың» жұмыскерлерді жалдау ережесіне сәйкес келмейді. Атап айтқанда, бұл компания жұмыссыз Жаңаөзен халқын кезек тәртібімен қызметке қабылдайды. «ҚазМұнайГаз» мәліметінше, бұл ереже осы қала тұрғындарының бастамасымен қабылданған.

«Осылайша, елордаға келгендердің талаптары қабылданған құқықтық рәсімдерге қайшы келуіне байланысты қаралмайды. «ҚазМұнайГаз» жиналғандармен келіссөздер жүргізу үшін арнайы байланыс тобын құрды», - деп мәлім етті компаниядан.


Соңғы жаңалықтар