Жаңа конкурстық жүйенің енгізілуіне байланысты мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеу екі кезеңмен жүзеге асатын болады - Қ. Нұрпейісов
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңа конкурстық жүйенің енгізілуіне байланысты мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеу екі кезеңмен жүзеге асады.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында жаңа жобаға қатысты баяндаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісов осылай мәлім етті.
«Бірінші кезеңде іріктеу мемлекеттік қызметке келгісі келетін азаматтар үшін агенттік пен оның аумақтық бөлімшелерінде барлығына ортақ бірыңғай тестілеу үлгісінде өтетін болады. Бұл тестілеуден сәтті өткен кандидат мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервіне өтеді. Ал екінші кезең барысында мемлекеттік органдар тек қана бірінші кезеңдік тестілеу нәтижесімен кадрлық резервке өткен тұлғалар арасынан ғана мемлекеттік қызметкерге лайықты тұлғаны іріктеп алады», - деді Қ. Нұрпейісов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігі екі кезеңді конкурстық іріктеу бойынша еліміздің Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ілкі жобаны жүзеге асыруда. «Осы ілкі жобалардың нәтижелері сәйкесінше нормативтік заң шығару жұмыстары барысында тиімділігін көрсететін болады. Бұндай конкурстық жүйені енгізудің маңызы зор деп ойлаймыз», - деді агенттік төрағасы.