Жаңа Конституция әділеттілікке деген қоғамдық сұраныстың нәтижесі — Шерзод Пулатов

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты «Қазақстанның жаңа Конституциясы: қоғамдық диалог және дамудың құқықтық бағдарлары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Шерзод Пулатов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Іс-шара барысында Мәжілістің VIII сайланым депутаты Снежанна Имашева Конституция мемлекеттің Негізгі Заңы ғана емес, мемлекеттіліктің берік іргетасы, қоғамдық келісімнің құқықтық негізі, заманауи Қазақстанның дамуы сүйенетін құндылықтар мен қағидаттардың қайнар көзі екенін баса айтты.

— Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Конституциясы саяси тұрақтылықтың сенімді кепілі, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің, мемлекеттік билік институттарын нығайтудың және еліміздің орнықты дамуының берік негізі екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар қазіргі заман мемлекеттердің алдына мемлекеттік басқару тетіктерін ұдайы жетілдіруді, демократиялық институттарды нығайтуды және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді талап ететін жаңа сын-қатерлер қойып отыр, — деді ол.

Мажилис
Фото: Үкімет

Оның пайымынша, соңғы жылдары жүзеге асырылған конституциялық реформалардың маңызы ерекше.

— Конституцияға енгізілген өзгерістер заң үстемдігіне, биліктің қоғам алдындағы есептілігіне, адам құқықтарын қорғауға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға негізделген Әділетті Қазақстанды құру бағытын іске асырудағы маңызды қадам болды. Конституциялық реформа мемлекеттің қоғаммен ашық диалог орнатуға, азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара сенімді нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Жүргізілген өзгерістердің маңызды нәтижелерінің бірі — қоғамдық қатысу тетіктерінің дамуы, өкілді билік органдарының рөлінің артуы, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің жетілдірілуі, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерінің нығаюы, — деді Снежанна Имашева.

Мәжілістің VIII сайланым депутаты Наталья Дементьева кез келген конституциялық реформа үш негізгі кезеңнен өтетініне назар аудартты.

Дементьева Наталья
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Алдымен Конституцияның мәтіні өзгереді. Одан кейін сол өзгерістерге сәйкес заңнама жаңарады. Алайда ең күрделі әрі ең жауапты кезең — құқықтық сананың, құқықтық ойлау мәдениетінің өзгеруі. Кез келген конституциялық реформаның шынайы табысы дәл осы кезеңмен айқындалады. Бүгін біз осы жаңа кезеңнің бастауында тұрмыз. Конституция қағидаттарының заңнамада, сот тәжірибесінде, мемлекеттік органдардың қызметінде және қоғамның құқықтық санасында қаншалықты дәйекті әрі бірізді іске асырылатынына қарай жаңа мемлекеттік-құқықтық модельдің тиімділігі бағаланатын болады. Өйткені бұл тек мемлекеттік басқару жүйесінің нәтижелілігіне ғана әсер етпейді. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімінің деңгейін, құқықтық жүйенің орнықтылығын және әрбір адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалу сапасын айқындайды, — деді Наталья Дементьева.

Ал Республикалық медиация кеңесінің және Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциясы еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болғанын айтты.

Шерзод Пулатов
Фото: turkystan.kz

— Жаңа Ата Заңымыз өзінің мәні жағынан мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың жаңа үлгісін, яғни қоғамдық келісімшарттың жаңартылған моделін айқындайды. Қабылданған Конституция қоғамымыздың ең басты сұраныстарының бірі саналатын әділеттілікке деген қоғамдық сұраныстың нәтижесі деп білеміз. Бүгінде қазақстандықтар баршаға ортақ әділ ережелерді, заң алдындағы теңдікті, адал бәсекелестікті, еңбек адамына деген құрметті, биліктің халық алдындағы және азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін көргісі келеді. Сондықтан Жаңа Конституция қоғамның сұранысына және Әділетті Қазақстан құруға деген халықтың ұмтылысына берілген заңды жауап деп есептеймін, — деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады.