Жаңа Конституция халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде айтты.
Президенттің айтуынша, технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Ата заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі.
– Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда Мемлекет басшысы әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман еместігін еске салды.
Презиент биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүру керегін, келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыру қажеттігін жеткізді.
– Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын.
Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы. Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз, – деді Президент.
Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.
Президент бұл күн – қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін айтты.