Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа Конституция қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтереді — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жаңа Конституциясы елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыстың жаңа тетіктерін қалыптастыруға жол ашты. Соның бірі — Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы. Сарапшының пікірінше, жаңа конституциялық орган азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дидар Табаев
Фото: Дидар Табаевтың жеке мұрағатынан

Негізгі заңның маңызына тоқталған сарапшы Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар екенін және қоғамдық әрі мемлекеттік-құқықтық қатынастардың негізін айқындайтынын атап өтті.

— Қазақстан Конституциясы — бүкіл республика аумағында ең жоғары заңдық күшке және тікелей қолданысқа ие негізгі құқықтық акт. Конституция аса маңызды қоғамдық және жария-құқықтық қатынастарды бекітеді, — деді Дидар Табаев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның конституциялық дамуының тамыры тереңде жатыр. Қоғамның құрылымын реттейтін құқықтық нормалар Қазақ хандығы тұсында да болған.

— Тарихымызда конституциялық сипаттағы көптеген акті бар. Мысалы, Қазақ хандығы дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» және басқа да заңдар жинағы белгілі болды. ХХ ғасырдың басында Барлыбек Сыртанов қазіргі конституциялық көп ереже қамтылған «Қазақ елінің Уставы» атты еңбек дайындады. Қазіргі Қазақстан тарихында 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялар қолданыста болды, — деді ол.

Дидар Табаев сондай-ақ Мемлекет басшысының 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауынан кейін басталған конституциялық үдеріске тоқталды.

— Дәстүрге айналғандай, 2025 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті мәселелер және оларды шешу» атты Жолдауын жариялады. Жолдау барысында Президент бір палаталы Парламент құру туралы ұсыныс айтты. Осы сәттен бастап конституциялық үдеріс басталып, ол 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылданды, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта заңнаманы жаңа Негізгі заңның талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр.

— Қазір құқықтық актілерді Қазақстан Конституциясына сәйкестендіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең әуелі, әрине, конституциялық заңдар туралы айтып отырмыз, — деп атап өтті Дидар Табаев.

Сарапшы Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде жоғары консультативтік орган — Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуын атады.

— Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтінін бәріміз білеміз. Сондай-ақ ол Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, бүкілхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады, — деді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы азаматтардың арасынан азаматтық қоғам және жергілікті өзін-өзі басқару институттарының ұсынымдары ескеріле отырып қалыптастырылады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден — 42, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан — 42, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен — 42 өкіл кіреді.

Дидар Табаевтың пікірінше, жаңа конституциялық органның құрылуы мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етуге тиіс.

— Меніңше, Қазақстан Халық Кеңесі — қоғам мен мемлекет арасындағы диалогқа жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін конституциялық орган, — деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін өзбекстандық саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан халқы Ассамблеясына ХХ жыл» медалінің иегері Равшан Назаров Құрылтай сайлауын кезекті сайлау науқаны ретінде ғана емес, Қазақстанның жаңа саяси архитектурасын легитимдеу ретінде қарастырған жөн екенін хабарлағанбыз.