Жаңа қуаттар, газдандыру және жылу: Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысының негізгі жобаларымен танысты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі негізгі міндеттердің орындалу барысын тексеріп, ірі индустриялық және энергетикалық жобалардың дамуымен танысты.

Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысының негізгі жобаларымен танысты
Фото: Qarmet

Негізгі назар өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту, жылыту маусымына дайындық, жылу энергетикасын дамыту және газдандыру мәселелеріне аударылды.

Теміртауда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Qarmet металлургиялық комбинатына барып, өндірістік үдерістермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.

– Домна пештерін табиғи газға көшіру мазутты толықтай пайдаланудан шығаруға, агрегат жұмысының тұрақтылығын арттыруға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік берді, - деді Qarmet Corporation басқарма төрағасы Петр Трушин.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттағы жаңа өндірістік нысандардың құрылысы туралы баяндалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 млн тонна болат өндірді. «5–9–5» стратегиясы аясында 2028 жылға қарай компания 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратын шығара отырып, өндірісті арттыруды жоспарлап отыр.

Сапардың жеке бағыты 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық пен Теміртау мен Қарағандының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын тексеруге арналды.

– Алдағы жылыту маусымында еш проблема болмауы тиіс. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандар бойынша дайындық паспорттары алынуы қажет. Жылыту кезеңінде іркіліске жол беруге болмайды, – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Вице-премьер сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3 станциясындағы жөндеу жұмыстарының барысымен және станцияны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергетикалық блок электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағ-қа арттыруға мүмкіндік береді.

ЖЭО-3-ті кеңейту – өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша қуат қоры құрылып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Сапар барысында Қарағандыны газдандыру мәселелері де қаралды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарланған.

– Бірінші кезең бойынша газ 10 мыңнан астам абонентке жеткізіледі. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін екінші кезеңге көшеміз – ол Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау аудандары, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын аралады.

«ТЭМПО Қазақстан» зауытында оған болат тік жікті құбырлар шығаратын жаңа өндірістік желі таныстырылды. Диаметрі 630 мм құбырларды күйдіру және шыңдау технологиясы өнімді −60 пен +60 градус температура аралығында пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай өндірістің баламасы Қазақстанда жоқ.

Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және жергілікті жерге шоғырландыру бағдарламасымен танысты. Бүгінде зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, ас үй плиталары, теледидарлар және сорғыштар шығарылады.

– Қазір кәсіпорында шамамен 300 адам жұмыс істейді. Жылына 1 млн өнімге дейін өндіретін толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 800 адамға дейін артады, – деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.

Новые мощности, газификация и тепло: Нурлыбек Налибаев ознакомился с ключевыми проектами Карагандинской области
Фото: Qarmet

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарына барып, автобус, арнайы техника және автокөлік шиналары өндірісімен және қуаттарды кеңейту жоспарларымен танысты.

– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасы бойынша біз өңірлерді аралап жүрміз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр, жүздеген адам еңбек ететін ірі өндіріс орындары жұмыс істейді. Кәсіпорындардың толыққанды өндіріс құрып, әрі қарай дамуға ұмтылып отырғанын көрдік, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша вице-премьер өнеркәсіптік және энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуы Қарағанды облысының дамуы үшін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті.