Жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексінде мәмілеге келудің екі түрі қамтылатын болады - И. Меркель
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексінде мәмілеге келудің екі түрі қамтылатын болады. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында Иоган Меркель осылай мәлім етті.
Еске салайық, комитет отырысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясы талқыланған болатын. «Жаңа кодекс жобасында мәмілеге келудің екі формасы енгізіледі. Оның бірі - кінәні мойындау, екіншісі - ынтымақтастыққа келу. Бұл ретте бірінші форма аса ауыр қылмыстық әрекеттерге қолданылмайды және жапа шегушіге негізінен келтірілген залалдың орнын толтыруды шапшаңдатуға бағытталады. Екінші форма ұйымдасқан қылмыспен, экстремизммен, терроризммен байланысты ерекше қауіпті қылмыстарды ашуға бағытталады. Сонымен қатар, бүгінгі күні қолданылып жүрген сотқа дейінгі оңтайландырылған өндіріс базасындағы жедел өндіріске алу институты сақталатын болады», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель. Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған мәмілеге келудің екі формасы мен жеделдетілген өндіріс мәселесі сотта қаралатын болады. «Кодекс жобасымен енгізілетін мұндай жаңалықтар сотқа дейінгі және соттағы өндірісті жеңіл әрі жедел атқарылуына септігін тигізеді. Осының өзі бүкіл қылмыстық іс жүргізу үдерісін үнемді етпек», - дейді прокуратура өкілі.