Жаңа Қылмыстық кодекс қабылданған соң ІІМ киберқылмысқа қарсы жеке құрылым пайда болуы мүмкін

АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғанда Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы жеке құрылым пайда болуы ықтимал.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасын талқылау барысында Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

«Жалпы киберқылмыстарға қарсы күреспен дилетанттар айналыспауы шарт. Сондықтан да, жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғанда Ішкі істер министрлігі киберқылмыстарды ашу жөніндегі жеке құрылым жасақтауға мәжбүр болады», - дейді И. Меркель.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, бұдан бөлек заң жобасы аясында құқық қорғау органы қызметінде болудың шекті жасы бекітіледі. Бұл бүгінгі таңда осы органдағы білікті кадрлық әлеуетті ұстап тұруға септігін тигізбек.

Еске сала кетсек, «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасында құқық қорғау органдарына қызметке тұруға кандидаттардың міндетті түрде полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібі заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Мәжіліс осы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің жаңа редакциядағы жобасын Бас прокуратура әзірлеп жатқан болатын.

Соңғы жаңалықтар