Жаңа Қылмыстық кодекс түрмедегілер санын қысқартуға септігін тигізуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде ҚР Қылмыстық кодексі мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.
Тоқтала кететін жайт, Қылмыстық кодекс жобасы заман талабына сай, тәжірибеде сыннан өткен қылмыстық-құқықтық институттарды сақтай, әрі тұлғаны, қоғамды және мемлекетті тиімді қорғау үшін тиісінше жаңалай отырып әзірленген болатын. Кодекс жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асырады. Кодекс бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтеді. Бұнымен қоса, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады. Жалпы кодекс жобасында, қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез-келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді. «Жұмыс тобында кеңінен талқыланған мәселенің бірі - бұл түрмедегілер санын қысқарта түсуге қатысты. Бұған негіз де жоқ емес, өйткені бүгінгі таңда Қазақстан түрмедегілер саны жағынан әлем елдері арасында 34-35 орында тұр», - дейді жұмыс тобының жетекшісі депутат Нұрлан Әбдіров. Оның айтуынша, талқылау барысында депутаттар бірқатар жаза түрлерін жеңілдетіп, енді бірқатар жазаларға бас бостандығын шектеу мен айырудан босататын нормалар ұсынып отыр. Атап айтқанда, депутаттар 5 қылмыстық әрекет бойынша қамауға алу санкциясын алып тастауды ұсынады. Бұлардың қатарында сайлау құқығын жүзеге асыруға қатысты кедергілер, ақпараттық ресурстарға қолжетімділік құқығын заңсыз шектеу, авторлық және аралас құқықтардың бұзылуы секілді нормалар бар.