Жаңа Қылмыстық кодексті әзірлеуге білікті заңгерлер жан-жақты қамтылуы шарт - Адам құқықтары жөніндегі комиссия
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат -ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесі жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процессуальдық кодекстерді әзірлеуді және қабылдауды ұсынады.
Бұндай құжатты даярлау барысына сарапшылар, құқықтанушы ғалымдар, адвокаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де жан-жақты тартылуы қажеттігін ескертеді. Бұл туралы бүгін аталған комиссияның сарапшылар кеңесінің отырысы барысында мәлім болды.
Жиын барысында баяндама жасаған комиссия сарапшысы заң ғылымдарының докторы Арыстан Ахпановтың айтуынша, бүгінгі күні Бас прокуратураның бастамасымен жасақталған ведомствоаралық жұмыс тобы Қылмыстық-процессуальдық кодекске түзетулердің бірнеше нұсқасын әзірлеген. Бұлар адам құқығы саласындағы барлық заңгерлердің кешенді талқылауын қажет етеді. «Түзетулерге келсек, ондағы әзірлеуші тарапынан ұсынылған басты жаңалық + қылмыстық істі қозғау кезеңдерінен бас тартуға байланысты орын алмақ. Жалпы, бүгінгі күні жүргізіліп жатқан тергеуге дейінгі тексерулер азаматтардың құқын шектеудегі тергеудің бүркеме түрі ғана», - деп санайды А. Ахпанов. Оның айтуынша, сотқа дейінгі кезеңдер бойынша қудалау органдарының ісін тоқтату шаралары көзделуі мүмкін, өйткені бұндай үдерістің сыбайлас жемқорлыққа көп жағдайда бейімдігі анықталған. Ал сотқа дейінгі тергеу жедел-іздестіру қызметімен, сотқа дейінгі тексеру және жеке тексерулермен үйлесуі мүмкін. Бұның өзі еуропалық үлгілерге жақындастықты білдіретіні айқын. Бұл ретте тергеу ісі қылмыс туралы хабарлама жасалған уақыттан бастап қана жүзеге аса бастайды. «Бұндай қадамдардың дұрыстығын Қазақстанда қылмыстар туралы арыздардың электрондық тіркеу сынағынан жемісті өткенімен түсіндіруге болады», - дейді А.Ахпанов.