Жаңа қызметке келген жерімде қызметкерлерді ауыстыратын әдетім жоқ - Мұнай және газ министрлігі
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин өзі басқарып отырған ведомство қызметкерлерінің біліктілігін «тым жақсы» деп бағалады.
«Менің осы қызметке келгеніме тек екі ай болды. Жаңа қызметке келген жерімді қопарып, қызметкерлерді жұмыстан шығарып, орындарына басқа азаматтарды әкелетіндей әдетім де жоқ, екіншіден заң бойынша адамдарды осылайша ауыстыруға болмайды. Сондықтан менің байқауымша, бүгінде министрлікте жұмыс істеп отырған ұжымда көп жылдардан бері қызмет істеп келе жатқандар бар және шетелдегі жақсы университеттерді аяқтап келген жас мамандар баршылық», - деп тоқталды министр.
Осы орайда ол өзі басқарып отырған ведомство қызметкерлерінің біліктілік деңгейін жеткілікті деп бағалады.
Ұ. Қарабалин осы қызметкерлер бұдан ары қарай алға ұмтылып, өздерін шыңдай түсулері керек екенін атап өтті.