Жаңа мектеп оқулықтарының сапасын тексеруде мүлдем жаңа тәсілдер қолданылады - Б. Жұмағұлов
ТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жаңа мектеп оқулықтарының сапасын тексеруде мүлдем жаңа тәсілдер қолданылады.
Бұл туралы бүгін Астанада «Отбасы, мектеп, қоғам - игілікті болашақ үшін бірге!» республикалық педагогикалық форум барысында ҚР Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Өткен жылы оларға нақты тексеріс жүргізілді. Расында кейбір оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Алайда, оқулықтарға қатысты жағдайды тым нашар деп айтуға болмайды. Бізде жақсы оқулықтар да, мықты авторлар да бар. Бірақ, бұл туралы көбінесе ұмыт қалып жатады»,- деді Б. Жұмағұлов.
Алдағы жылдары министрлік мектеп оқулықтарының сапасына көңіл бөлмек және оларда кемшіліктерді болдырмау бағытында жұмыс жүргізбек.
«Бұл тұрғыда мүлдем жаңа тәсілдер қолданылады», - дейді министр. «МЖБС мен оқулықтар жасау процесінде олар сыртқы жан-жақты сараптамадан өтеді. Оны тәуелсіз жоғары білікті сарапшылар, оның ішінде шетелдік сарапшылар жүргізетін болады. Олар өз қорытындыларына толық жауапкершілік алады. Одан әрі жаңа оқулықтарды жетекші ғалымдардың, педагогтердің, Парламент депутаттарының қатысуымен беделді Республикалық кеңес қарайтын болады», - деп түйді Б. Жұмағұлов.
Сондай-ақ оларды білім беру ұйымдарында міндетті сынақтан өткізу - бұл жаңа талап болмақ. БҒМ мұны заңнамаға енгізуді ұсынған. Педагогтердің қорытындысынан кейін олар пайдалануға ұсынылатын болады.