Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын үйлердің шаршы метрі құны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жиналысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын үйлердің шаршы метрі құнын жария етті.
Қ.Бишімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынып жатқан тұрғын үй бағдарламасында бастапқы жарна болмайтындығын баса атап өтті.
«Жалға алу мерзімі 20 жылды құрайды. Осылайша, жаңа бағаға сәйкес біз құрылыс құнын Астана мен Алматыда шаршы метрін 185 мың теңгеден белгілеудеміз. Ал егер біздер дайын не болмаса құрылысы аяқталуға жақын үйлерді сатып алар болсақ, онда орташа құны шамамен 200 мың теңге болады», - деді ол.
Оның айтуынша, еліміздің басқа өңірлеріндегі баспананың шаршы метрі 150 мың теңгені құрайды. Дегенмен, «Бәйтерек» дайын немесе құрылысы бітуге тақау үйлерді сатып алар болса, онда шекті бағасы 165 мың теңге дейінде болады.
«Біз желтоқсан айынан бастап барлық өңірлермен, жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар жүргіздік. 2015 жылдың наурыз-сәуірінде бағдарламаны және Президент тапсырмасын орындай бастауға мүмкіндік бар. Яғни, азаматтарға жалға пәтерлерді бере бастаймыз», - деді Қ.Бишімбаев.