Жаңа министрлік қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін барлық жағдайды жасауы тиіс - ҚР Премьер-Министрі
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңадан құрылған Өңірлік даму министрлігінің қызметі тиімді өңірлік саясатты қалыптастыруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеттерін қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай арттыру мақсатында пайдалануға бағытталатын болады.
ҚР Премьер-Министрі ресми сайтының хабарлауынша, бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Серік Ахметов мәлім еткен.
«Өңірлік даму министрлігінің қызметі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеттерін, ел экономикасы салаларының әлеуеттерін тиімді пайдалану арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге жағдай жасауға негізделеді», - деді С.Ахметов өз сөзінде.
«Екі агенттіктің қосылуына орай, Өңірлік даму министрлігі енді «Өңірлерді дамыту», «Қолжетімді тұрғын үй 2020», «Жұмыспен қамту 2020», «Ақ бұлақ», ТШК жаңғырту және моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі бірыңғай үйлестірушіге айналады», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
«Жаңадан құрылған мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру жөніндегі қажетті басқа да шараларды қабылдаулары керек. Барлық ұйымдастыру мәселелерін шешіп, жұмысқа дереу кірісуіміз керек. Президент алдымызға маңызды міндеттер қойып отыр, және ол міндеттер нақты, сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», - деп міндеттеді С.Ахметов.