Жаңа мұнай өңдеу зауытын салу: түпкілікті шешімге не әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу кезінде бірінші кезекте қандай мәселелер назарға алынатынын түсіндірді.

- Бұл ретте МӨЗ құрылысы мен орналасқан жері бойынша түпкілікті шешімге электромобильдер мен электр энергиясымен жүретін қоғамдық көліктердің артуы, энергия ресурстарын тұтыну қарқыны және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері әсер ететін болады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты техникалық-экономикалық негіздемені және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі шешім 2030 жылдан кешіктірмей қабылданады.
- МӨЗ салуға алдын ала қарастырылып отырған алаң – Батыс Қазақстан, - деп нақтылады ведомство.
Бұл тұрғыда аталған зауыт кемінде 10 млн тонна мұнай өндіретін деңгейде болады.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу саласын дамытудың 2024-2040 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында мұнай өңдеу қуаттарын кеңейту жобалары көзделген.
Осы орайда Шымкент МӨЗ жылына 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар МХЗ жылына 5,5 млн-нан 8 млн тоннаға дейін, Атырау МӨЗ жылына 5,5 млн-нан 6,7 млн тоннаға дейін өнім өндіру деңгейіне жеткізілмек.