Жаңа облыстардағы әкімшілік ғимараттарға қанша қаражат бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылған облыс орталықтарында әкімшілік ғимараттар сатып алуға және жөндеу жұмыстарына 12 млрд теңге керек. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы жөндеу жұмыстарына, әкімшілік ғимараттарды алуға қатысты бюджет қаражатының тиісті көлемін айқындады. Алдын ала есептеулер бойынша осы бағытта қажет қаражат сомасы 12 млрд теңге шамасында болды. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, министрлік жаңадан құрылған облыстарда инфрақұрылым нысандарына, жылжымайтын мүлік қоры, әкімшілік ғимараттарға жөндеу жүргізу тұрғысында талдау жүргізді.

«Жалпы, жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмысына қажет әкімшілік ғимараттар жеткілікті», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлібек Қуантыров жаңадан құрылған облыстарда инфрақұрылым мен жолдардың сапасына қатысты проблема бар екенін айтты.

Өткен аптада Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болды, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ал Жетісу облысының әкімі қызметіне Бейбіт Исабаев келді.


Соңғы жаңалықтар