Жаңа оқу жылы: биыл гранттардың жалпы саны қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл докторантураға 3 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті мәлім етті.
— Осы жылы жоғары білімі бар кадрларды даярлауға жалпы мемлекеттік тапсырыс көлемі 91 957 грантты құрап отыр. Атап айтқанда бакалавриат — 75 371, магистратураға — 11 007, докторантураға — 3079, сондай-ақ резидентураға 2500 грант берілді, — деп аталып өткен комитет мәліметінде.
Айта кетейік, елде алғаш рет резидентураға гранттар цифрлық жүйе арқылы бөлінді.
Бұған дейін хабарланғандай, жоғары оқу орындарына қабылдау магистратура мен докторантура деңгейінде 28 тамызға дейін жалғасады.
Қазір грантқа конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Бакалавриатқа қабылдау 25 тамызда аяқталады. Биыл мемелекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Конкурс нәтижелері 7 тамызда жарияланды.
Сонымен бірге, әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылып отыр.
Еске салсақ, 2026-2027 оқу жылында жалпы бөлінген гранттың 4%-ы қандастарға бағытталды.