Жаңа оқу жылында қандай жаңа пәндер мен курстар енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламасында өзгеріс бола ма? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
- 2026–2027 оқу жылынан бастап білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары Жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды. Атап айтқанда, 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп», 5–11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізіледі, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, оның мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.
- Сонымен бірге жасанды интеллект білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен кіріктірілуде. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы мен мазмұны жаңартылды, - деп нақтылады ведомство.
Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәні жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылады.