Жаңа оқу жылында студенттерге арналған жатақхана мәселесі шешіле ме

Жатақхана
Фото: Алматы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жатақхана құрылысына қатысты түсінік берді.

«2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Заңның нормасы күшіне енді, онда жоғары оқу орнына қабылданған барлық білім алушыларды жатақханалармен қамтамасыз ету көзделген. 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білімді және ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын 10 мың жатақхана орнын қосу ескерілген», - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Мәселен, 2018-2023 жылдары 50 966 орындық 211 жатақхана, оның ішінде 34 296 орынға арналған 128 жатақхана жоғары оқу орындарының студенттері үшін, 16 670 орындық 83 жатақхана колледж студенттеріне тапсырылды.

2024 жылға арналған жоспарда 10 576 орынға есептелген 27 жатақхананы пайдалануға беру қарастырылды. Соның арасында ЖОО студенттеріне 8 473 орын (19 жатақхана), Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттеріне 2 103 орын (8 жатақхана) ескерілген.

«Студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Министрлік тиісті шешімдер қабылдады. ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 30 қарашадағы бекітілген Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын асыру үшін студенттік жатақханалар салу бойынша бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті енгізу бойынша жұмыс атқарылып отыр. Министрлік Алматы және Астана қалаларындағы мемлекеттік ЖОО-лардың жатақханаға арналған ғимараттарын реконструкциялауға қатысты мәселелерді пысықтады. Реконструкциялау барысында мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін жылына 1 орын үшін 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайту жолымен мемлекеттік тапсырыстың қолданыстағы тетігін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін «ҚазҰУ-град» және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін «ЕҰУ-град» салу мәселесі пысықталып отыр», - деп аталып өткен комитет ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар