Жаңа оқу жылы қарсаңында СҚО-дағы 9 мектеп пен 11 балабақшаның басшысы ауысты
СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірде 16 мың ұстаз еңбек етеді. Қазіргі уақытта 600-ге жуық мұғалімнің орны бос, бірақ бұл – уақытша мәселе.
«Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша жергілікті университетті 16 мың адам бітірді, олардың 36-сы СҚО әкімінің гранты бойынша білім алған. Бұдан басқа М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжді мұғалімдік мамандығы бойынша 300 түлек аяқтады. Сондықтан, бос орындар 1 қыркүйекке дейін жабылады», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Сондай-ақ, биыл алғаш рет білім беру мекемелері басшыларының арасында ротация өтті. Нәтижесінде 9 орта мектептің директоры және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 11 меңгерушісі ауысты.
Бұған дейін СҚО мектептеріне математика, орыс және шет тілдері, физика-информатика пәндерінің ұстаздары жетіспейтінін айтқан едік. Жас мамандар ауылдағы білім ордаларына жұмыс істеуге барған жағдайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса алады.