«Жаңа оқу жылына дайындық қалай?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

"Айқын" басылымының бүгiнгi санында "Үндемей ғана үнемдеуге неге болмасқа?!" атты мақала жарияланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің және Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен болған жиында бәрі де қаржыны үнемдеуге тиіс екенін айтқан еді.

Кез келген нәрсеге үнем ке­рек. Мәселен, елімізде тұтыны­латын электр энергиясының 70 пайызы өнеркәсіп секторына тиесілі. Еліміздегі барлық энергия ресурстарының 12 пайызын халық тұтынса, бес пайызы кө­лікке, 40 пайызы ірі кәсіпорын­дарға кетеді екен. Оның себебі, неде? «Бізде электр энергиясы тарифтері тым арзан. Сондықтан да өнеркәсіп кәсіпорындары үнемдеу туралы ойланбайды да» дейді Мемлекет басшысы. Оның сыры, еліміздегі ірі кәсіпорындардың көбі ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Ескі құрал-жабдықтардың энергияны үнемдеуге мүмкіндігі жетпейді. Бұл жағдайда, ірі кәсіпорындар бәсекелестік ту­дыра ала ма? Елбасы мұндай кә­сіпорындардың өнімдері бәсекеге қабілетті бола алмайтынын атап айтты", - делiнген мақалада.

"Елімізде үнем болмайтын се­бебі, тым ысырапшылмыз. Ысы­рап­шылдық қоғам дертіне ай­нал­ған. Уақыттың зая кетуі, бостан босқа жанып тұратын жа­рықтар, бет алды төгілген та­мақтар, қоқыс жәшігіне тасталған нандар ысы­рап емес деп айта аламыз ба? «Ысырап» деген сөздің өзі араб тілінен енген екен, яғни «текке шашу», «мөлшерсіз жұм­сауды» білдірсе керек. Текке шашу, жа­рықты құр босқа пай­далану - бізде жоқ деп айта ала­мыз ба?", - дейдi газет.

Кеше Ұлы Абайдың 170 жылдығына орай Қазақстанда тұңғыш рет «Abaialemi.kz» энциклопедиялық онлайн порталының тұсауы кесілді, деп хабарлайды "Айқын".

"Бір атап өтер жайт, ұлы ғұламамыздың мол қоры жинақталған бұл ресурсты құ­руға Елбасының көмегі тиді: портал Қа­зақстан Көшбасшысының жеке қаржы­сына әзірленген! Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жібек жолы» Бейбітшілік сыйлығына қоса алған қаламақысының бір бөлігін «әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруы үшін» Мемлекеттік тілді дамыту қорына аударған болатын. Сол жобалардың бірі www.abaialemi.kz порталы болып отыр", - деп атап өтедi басылым.

Ұлы ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған www.abaialemi.kz энциклопедиялық онлайн порталында құнды деректер мен құжаттар «Өмірбаяны», «Абай шығармашылығы», «Абай әндері», «Абай туралы естеліктер», «Абай­та­ну», «Абайтанушы ғалымдар», «Абай бейнесі», «Абайдың айна­ласы», «Абай мұражайы» деген бөлім­­дерінде бөлек-бөлек берілген. Кейбір адамдар кітаптың ішіндегі суреттері ұнаса, оқитыны бар. Бұл ретте «Фотогалерея» да қарас­ты­рылыпты. «Абай ескерт­кіш­терінің картасы» бөлімінен ғұламамызға қай жерлерде ескерткіш орнатыл­ғанын білуге болады.

Айтқандай, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы да осы порталда орналастырылып отыр.

«Абай - әлем тілдерінде» атты бөлімде Абайдың ағылшын, түрік, орыс, қытай, неміс, моңғол, парсы, француз және өзге тілдерге ауда­рыл­ған өлеңдері жарияланған. Тек бір қынжылтатыны, оны осы тіл­дегі азаматтарға табу қиынға соғуы мүмкін. Себебі «Аbaialemi» онлайн-энциклопедиясы тек қазақ тілінде болып келеді және өзге тілді таңдау опциясы көзделмеген. Сондықтан мысалы, Абай Құнанбаевты осы порталда ағылшын тілінде оқығы­сы келген шетелдік «Абай - әлем тілдерінде» деген қазақша сөздің мағынасын түсініп, сол бөлімге кіруі қажет. Сайтты кириллица, латын және төте жазуда оқуға мүмкіндік берілген. ***

"Жаңа оқу жылына дайындық қалай?" деген тақырыппен берілген мақалада "Егемен Қазақстан" басылымы жаңа оқу жылындағы кiтап тапшылығына қатысты өзекті мәселені көтерiп отыр.

"Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов информатикадан Алматы қаласында өткен 27-ші халықаралық олимпиадада ел намысын қорғаған жеткіншектерді қабылдады. Кездесу аясында министр 83 елдің ішінен 8-ші орын алуымызды жоғары көрсеткішке бағалап, жас өрендерді жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың еңбектеріне алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Жиын соңына қарай БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беру барысында министр қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан жаңа оқу жылына дайындық жоспардағыдай жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті", - дейдi газет.

- Тамыз айында бұл мәселе қызу талқыланатындықтан, біз осы күндері сан-салалы бағыттар бойынша жұмыстар атқарудамыз. Әсіресе, аймақтармен бірлесе қолға алынып жатқан жоспарлар қомақты. Атап айтқанда, оқушыларды оқулықпен қамту ең өзекті мәселе екені белгілі. Бұл ретте облыстық деңгейде шешілуі тиіс проблемалар біршама тиянақталды десек болады. Тиісті қаражаттар бөлініп, көрсетілетін көмектер ойдағыдай үйлестірілді. Өйткені, біз жұмысты жүргізудің жаңа ырғағын жыл басында-ақ қолға алғанбыз. Яғни, қажетті оқулықтар санын әдеттегідей күз таяғанда тапсыруды доғарып, деректерді жылдың алғашқы айларында жинауға кіріскен болатынбыз. Нәтижесінде, көктем соңына қарай барлық келісімшарттар түзіліп, бекітілді. Ал енді қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу ісі ұйымдастырылып, көптеген білім ошақтарына қажетті кітаптар жеткізіле бастады. Жалпы, кітаппен қамту үдерісін Бақылау комитетінің аймақтардағы департаменттері арқылы жіті назарда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда бірқатар өңірлер бұл мәселені түпкілікті шешіп қойды десек те болады. Нақтылай түссек, мәселен бүгінде Алматы қаласының барлық мектептеріне оқулықтар толық жеткізілді. Сонымен қатар, бұған кереғар көрсеткіш ретінде қалыс қалған облыстар да жоқ емес. Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей аудандарында оқулық проблемасы әлі оңтайлы шешімін таба қоймады. Ендігі жерде бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен күн сайын хабарласып, талқылау үстіндеміз. Олар бізге барлық түйткілді 15 тамызға дейін түпкілікті шешіп, соңғы нүктесін қоятын боламыз деп уәде беріп отыр, - деді ведомство басшысы.

"Егемен Қазақстанның" Атырау облысындағы тiлшiсi "Түнде жүрген жеткіншектің тәрбиесі қандай?" деген мақаласында елiмiздегi бұғанағы қатпаған жасөспiрiмдердiң түнде көше кезiп, iшiмдiкке бой алдыруының себебiн iздестіреді.

"Бала да жас шыбық секілді. Жас шыбықты қалай исе солай өсетіндігі сияқты, әр бала алдымен отбасындағы тәрбиемен жетіледі. Әрине, қоршаған орта, қоғамдағы даму үрдісінің де әсері тиетіні даусыз. Дегенмен, ата-ана бақылауында болған, отбасылық құндылықтармен тәрбиеленген жас ұрпақтың өмірден өз орнын табатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екеніне ешкім дау айта қоймас. Жас ұрпақтың білімді, саналы болуына білім ордаларындағы ұстаздар тәрбиесінің де ықпалы зор. Осылай десек те, бүгінгі жас буынның арасында мезгілсіз уақытта көше кезетін, тіпті бұзақылық жасауға, ішімдік ішуге бейім тұратыны да жоқ емес. Бұғанасы қата қоймаған жасөспірімдердің мұндай жүгенсіз әрекетке бой алдыруының себебі неде?", - дейдi мақала авторы.

Газет тілшісінің осы сауалына орай облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Алмагүл Қайырлиева, «бұл алдымен, ата-ананың бала тәрбиелеудегі міндетін орындамауынан туындайды» деген пікірімен бөлісті.

"Оған дәлел ретінде келтірген деректерін саралар болсақ, жыл басынан бергі алты айда құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген рейд барысында кәмелетке толмаған 2000-нан астам жасөспірімнің ішкі істер бөліміне әкелінгенін айтуға болады. Олардың көпшілігінің түрлі құқық бұзушылық жасағаны анықталып отыр. Кәмелетке толмаса да қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуіне қатысты 24 дерек тіркеліп, бұлардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыс бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық бақылау есебінде 400-ден астам кәмелетке толмаған және 227 қолайсыз отбасы есепке алыныпты. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 84 жасөспірім орналастырылыпты", - деп жазылады мақалада.

***

Ресми тiлде шығатын "Казахстанская правда" басылымының жаңа нөмiрiнде АҚШ-та танымал қазақ боксшылардың бiрi - Бейбiт Шүменовпен болған көлемдi сұхбат жарияланып отыр.

Бейбiт былтыр бiрiншi ауыр салмақ дәрежесiне көтерiлген болатын. Ал жақында WBA-ның уақытша чемпионы атағын жеңiп алды. Осылайша ол кәсiпқой бокста екi салмақта чемпион атанған тұңғыш қазақ боксшысы атанып отыр.

Сауалдардың бiрiнде Бейбiттiң болашақта Денис Лебедевпен жекпе-жек ұйымдастыру туралы жоспары сұралған болатын.

"Бұл сұрақты менiң менеджерiм Эл Хэймонға қою керек шығар. Мен - боксшымын, менiң iсiм жаттығу және жақсы өнер көрсету. Басқа ұйымдастырушылық жұмыстар, өз iсiнiң шеберi саналатын адамның мойнына жүктелген. Жеке өзiм Денис Лебедевпен биыл кездескiм келедi. Ол мықты, абыройлы чемпион, онымен арадағы жекпе-жек көрерменге ұнар едi. Бiрақ егер онымен шаршы алаңға шығу жайы көпке созылып бара жатса, аралық жекпе-жектерге дайынмын", - дейдi боксшы.

Бейбiттiң айтуынша, биыл ол кемiнде екi кездесу өткiзудi жоспарлауда.

"Қазақстанда жекпе-жек жасау - менiң арманым. Көп ұзамай оған да қол жеткiзетiнiме үмiттенемiн", - деп атап өттi Б. Шүменов.

Қазақстандық гүрзi жұдырық жақын болашақта бiрiншi ауыр салмақтағы титулдарды бiрiктiрудi жоспарлауда.

Бұл туралы "Бейбут Шуменов: Я бы хотел объединить все титулы в первом тяжелом весе" атты сұхбаттан толықтай оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар