Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде Өзін-өзі тану атты жаңа пән оқытылатын болады

Бұл туралы бүгін Алматыда "Бөбек" Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, сауықтыру орталығында өтіп жатқан "Өзін-өзі тану" пәнінің оқу тәрбие үдерісіндегі рөлі мен орны. ҚР білімді ұйымдастыру: тәжірибелер мен перспективалар" деп аталатын конференция барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жобаның бастамашысы Қазақстанның Бірінші ханымы Сара Алпысқызының айтуынша, пәннің басты мақсаты - адамға өз-өзін табуға көмектесу, бойындағы ең жақсы қабілеттерді ашу, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қағидаларын сіңіре отырып, дұрыс қалыптасуына ықпал ету, бір сөзбен айтқанда, "адам" болып қалыптасуына көмектесу. "Балалардың бүгіні мен ертеңі - біздің ортақ мүддеміз. Біз бәріміз және әрқайсысымыз қыздарымыз бен ұлдарымыздың қандай таңдау жасайтынына жауап береміз. Олар жақсылық жолына түсе ме, адамдарға көмегі тие ме? Бұл әр ата-ананы толғандыратын сұрақ. Менің ойымша, бұл пән әр балаға дұрыс жол сілтейтін, адамгершілік-рухани білім беретін, өзін-өзі тануға көмектесетін, дұрыс таңдау жасауға ықпал ететін пән болады", деді Сара Назарбаева.
Конференция жұмысына қатысушы мамандардың пікірінше, мемлекеттің ең құнды қазынасы - адам баласының өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға арналған бұл пән оның рухани мүмкіндіктерін дамыту, бала бойындағы мәдениеттілік - сынды ізгі қасиеттерді дәріптеуде өте тиімді және бұл пән дамыған елдердегі білім ошақтарында арнайы пән ретінде оқыту үрдісіне айналған. Ал, біздің елімізде жаңа пәннің оқу бағдарламасына енуіне «Бөбек» ғылыми орталығы бастамашы болып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, бұл пән соңғы 9 жыл ішінде еліміздегі бірнеше білім ошағында тәжірибе ретінде оқытылып келе жатыр. Тәжірибе барысында педагогтар мен оқушылардың және ата-аналар тарапынан жоғары бағаға ие болған. Бұл пән бойынша дәріс алғандар саны - 37 921 адамды құрайды. Оған еліміздің әр аймағындағы 184 білім ұйымдары қатысты. Оның 70-і мектепке дейінгі білім ұйымдары, 76-сы жалпы білім беретін мектептер, 11-і балалар үйлері мен интернаттар, 1-еуі колледж, 26-сы жоғары оқу орны.
9 жыл ішінде 1000-нан аса ашық сабақтар мен тәрбиелік шаралар өткізілген. 120 түрлі оқу- әдістемелік құралдар дайындалып, республикалық "Өзін-өзі тану" атты ғылыми-әдістемелік жұрнал шығуда. Қазір жаңа пәнді өндіріске енгізуге қажет алғышарттар дайын. Ең бірінші - нормативтік-құқықтық тұжырымдамасы жасалып бекітілді. Оқу әдістемесі дайындалды.
Өзін-өзі тану ғылымы - бұл жалпы адамзаттық құндылықтың бастауы.