Жаңа оқу жылында 2 мың студент еңбек күші жеткіліксіз аймақтардағы 7 ЖОО мен 24 колледжде білім алады

«Индустрияландыру үшін кадрларды дайындау жүйесі жетілдірілуде. Барынша талап етілетін 20 мамандық айқындалған. Үкімет кадрларды дайындау бойынша 10 ЖОО мен 10 колледж белгіледі. Олар дамудың дербес бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады», - деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, өңірлердегі мамандықтардың қажеттілігін ескере отырып білім беру гранттарын қайта бөлумен байланысты ахуалды ретке келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде. Жұмыс күші мол аймақтардың жастарын оқыту үшін жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылған.
«Жаңа оқу жылында 2 мың студент еңбек күші жеткіліксіз аймақтардағы 7 ЖОО мен 24 колледжде білім ала бастайды. Бұған қоса, колледждердің өндірістік өнеркәсіптермен серіктестік картасын одан ары айтарлықтай кеңейтіп, дуальды білім беру қағидаттарын кеңінен қолдану қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.