Жаңа оқу жылында Алматы қаласының барлық мектептері бейне бақылаумен қамтамасыз етілді - Алматы қаласының ІІД-і
АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласының ІІД-і бастамасымен жаңа оқу жылында Алматы қаласының орта мектептері бейне бақылау камераларымен қамтамасыз етілді.
Камералар әр мектептің кіре берісінде, дәліздер мен мектеп аумағы айналасына қойылған. Бақылаулар директор кабинетінен, сонымен қатар, мектептің қауіпсіздігіне жауап беретін қорғау фирмалары пультінен де жүргізілетін болады.
Алматы қаласының ІІД-і бастығы Ерлан Тұрғымбаевтің айтуынша, жаңа енгізілім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. "Бастама қалалық Білім департаментімен бірге жүргізілген жұмыстың арқасында іске асты. Жобаны іске асыруға әкімдік 98 миллион теңге қаражат бөлді. Қазіргі уақытта 1 445 бейне камера 176 мектепке қойылды. Қаланың мектептеріне бұл кешенді қауіпсіздік жүйесін құру - сонымен қатар, кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға тиімді әдіс болмақ. Ал, бұл мәселе біздің күнделікті бақылауымыздан түскен емес ",-деді ол.
Оның айтуынша, жақын арада барлық жалпы білім беретін мекемелерге бақылау Алматы қаласының ІІД-і басқармасының бірыңғай орталықтандырылған бақылау орталығынан жүргізілетін болады.
«Балалардың қауіпсіздігі - маңызды мемлекеттік міндет болып табылады»,- деп кеше Алматыда өткен тамыз кеңесінде атап өтілген болатын.