Жаңа оқу жылында астаналық 17 мың балаға орын жетіспеуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы 95 орта білім мектебінде бүгінгі күні 130 542 бала оқиды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2017-2018 оқу жылында 17 мың оқушыға орын жетіспеуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат elorda.info сайтына сілтеме жасап.

Жаңа оқу жылында астаналық 17 мың балаға орын жетіспеуі мүмкін

Мәлім болғандай, орын тапшылығын жою мақсатында 2 600 орындық жапсарлас салынған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта 11 100 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталды. Нысан 2018 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен бірге 2018-2019 жылдары салынатын 13 мектептің архитектуралық жобасы жасалуда», делінген сайт ақпаратында.

Шешімін таппай тұрған мәселелер мектепке дейінгі салада да жетерлік. Қазір елордада 263 балабақша бар. Оның 96-сы - мемлекеттік, 2 - ведомстволық, 116 - жекеменшік. Бұған қоса 49 шағын орталық жұмыс істейді. Соған қарамастан, күн сайын балабақша кезегіне орташа есеппен 90 бала тұрады (60-70 сәби дүниеге келеді, 20 бала көші-қон есебінен).

Жалпы алғанда, бұл кезекте бүгінгі күні 33 240 бала тұр. Бұл проблеманы шешу үшін 2017 жылы 480 орындық - екі мемлекеттік балабақша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 720 орындық 3 балабақша пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 2019 жылы пайдалануға берілетін 1 680 орындық балабақша бойынша 6 жоспар іске асырыла бастады. Білім басқармасы арқылы жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен 10 мың орындық жеке балабақша ашу жоспарлануда.