Жаңа оқу жылында Назарбаев Университетінде 2 мыңнан астам студент оқиды

Мәліметтерге қарағанда, биыл өткен жылдардағыдай, оқуға түсушілер арасында Инженерия мектебі мен Ғылым және технологиялар мектебін таңдағандар саны басым. Ол Мектептерде оқуға қабылданғандардың 43 пайызы білім алады. Сонымен қатар, талапкерлердің қалған 14 пайызы Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебіндегі мамандықтар бойынша оқиды.
Бұдан бөлек, Университет тікелей бакалавриат бағдарламасына 48 адамды қабылдайды, олардың ішінде «Dublin Institute of Technology» және Сулейман Демирель атындағы университеттерден екі студент ауысуға ниетін білдіріп, Назарбаев Университетінде білімін жалғастыру туралы шешім қабылдаған.
«2013 жылы Назарбаев Университетінде үлкен маңызды оқиға болды. Біз тұңғыш магистрант-студенттерді қабылдадық, ал Жоғары білім беру мектебінде алғаш докторант-студенттер оқуға қабылданды. Біз үшін бұл - үлкен мақтаныш», - дейді Назарбаев Университетінің Провосты Саймон Джонс.
Айта кетерлігі, Жоғары білім беру мектебіне биыл 74 магистрант және 12 докторант қабылданды. PhD бағдарламасына түскендердің арасында бір халықаралық студент - Мексика азаматы да бар.
Жоғары бизнес мектебінде қазіргі таңда Executive MBA (басшыларға арналған бизнес-басқару) бағдарламасында 18 адам білімін шыңдауда. Студенттердің басты бөлігі - ірі қазақстандық және халықаралық корпорациялардың топ-менеджерлері.
«Биылғы Назарбаев Университетінің төртінші академиялық жылы екенін атап өту қажет. Қазіргі таңда Университет 2015 жылы Медицина мектебін ашуға дайындалуда және Тау-кен ісі мектебін ашу жұмыстары жалғасын табуда», - делінген баспасөз баянында.