Жаңа оқу жылында Назарбаев Университетінде оқитын студенттер саны 509-ға артып отыр
ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы жаңа оқу жылында Назарбаев университетінде оқитын студенттер саны 509-ға артып отыр.
Олар Лондон Университеттік колледжі атқарып отырған Дайындық орталығында оқитын болады. Бұл туралы бүгін аталған оқу орнында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Тоқтала кететін жайт, 2011-2012 оқу жылдары бойынша Университеттегі бір орынға 8 үміткерден таласқан. Ал жолы болып, студент атанған талапкерлердің басым бөлігі Инженерия мектебінен дәріс алуға ниет танытып отыр. Яғни, студент атанғандардың 45 пайызы осы факультетте оқуға ықыласты болған. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Энн Лонсдейлдің айтуынша, былтырғы жылы да дәл осы Инженерия мектебін таңдаушылардың саны басымдықты құраған еді. Ал бұдан кейінгі кезекте Ғылым және технология мектебін таңдаушылар - 26 пайыз, Медицина мектебіне ниет білдіргендер - 15 пайыз және Әлеуметтану және гуманитарлық мектебін қалағандар - 14 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, оқу орнына түскен студенттердің басым бөлігі, яғни 509 студенттің 143-і немесе 28 пайызы Астана қаласының түлектері болса, екінші орында Алматы - 60 студент (12 пайыз), одан кейінгі орындарда - Қарағанды - 54 (10 пайыз), Шығыс Қазақстан облысы - 38 (7 пайыз) және Оңтүстік Қазақстан облысы - 35 студентті (7 пайыз) құрап отыр.