Жаңа оқу жылында республиканың тағы 2 қаласында интеллектуалды мектептер ашылады
АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Биылғы жаңа оқу жылында Көкшетау мен Семейде Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектептері ашылады.
Бұл жайлы елордадағы Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосуда Семейде өткен аптада үміткерлердің мектепке түсу өтініштерін қабылдау аяқталғандығы, ал Көкшетауда осы аптада дәл осындай шара атқарылып жатқандығы атап өтілді. Енді биылғы жаңа оқу жылында, яғни қыркүйектің 1-інде республиканың жоғарыда аталған қалаларында жаңа интеллектуалды мектептер ашылады деп жоспарланып отыр.
«Өркен» АҚ-ның басқарма директоры Бауыржан Сералиннің айтуынша, елордада химия-биология бағытындағы интеллектуалды мектеп осы жылдың соңына дейін салынып бітеді. Білім ордасы келер жаңа оқу жылының 2-ші жартыжылдығына ашылады деп жоспарлануда.